Банкрот деп танылатын адамдар саны біршама өсуі мүмкін - Мемкіріс комитеті

0
572

Азаматтардың басым бөлігінде қарыз сомасы бойынша сәйкестік болмаған және қарызды төлемеу мерзімі 12 айдан аспаған.


Банкрот деп танылатын адамдар саны біршама өсуі мүмкін - Мемкіріс комитеті

ERNUR.KZ. Биыл банкроттық бойынша өтініш беретіндер саны артуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов айтты, деп жазады inform.kz.

«Сайт арқылы күніне неше адам банкроттыққа өтініш беріп жатқанын көруге болады. Кеше ғана жасаған талдау барысында күніне 120-130 өтініш келіп түсіп жатқанын байқадық. Әр өтінішке мониторинг жасалады. Тиісті талаптарға сәйкес болса, онда өтніштер автоматты түрде банкроттыққа өтеді», - деді Қ. Миятов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, азаматтардың басым бөлігінде қарыз сомасы бойынша сәйкестік болмаған және қарызды төлемеу мерзімі 12 айдан аспаған.

«Биылдан бастап өтініштер саны артуы мүмкін, себебі АЕК сомасы өсті. Сонымен қатар, банроттық талаптарына жеңілдік беретін ұсыныстарды енгіздік. Егер осы ұсыныстарға қолдау жасалса, банкроттық рәсіміне қатысатын адамдар саны да артады. Бірақ айтарлықтай көп болады деп санамаймын», - деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазір 9 841 адам банкрот деп танылған және олардың қарыз сомасы 20 млрд теңгеге жуықтады.

Атап айтқанда, 2023 жылы 3 наурыздан банкроттыққа өтінім қабылдау басталады.