Банктер проблемалық қарызды коллекторға клиенттің келісімінсіз беруі мүмкін

0
502

​​Заңға өзгеріс енгізудегі негізгі мақсат – проблемалық активтердің үлесін азайту.


Банктер проблемалық қарызды коллекторға клиенттің келісімінсіз беруі мүмкін

ERNUR.KZ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамалық актілерге проблемалық активтер нарығын дамыту мәселесін қоғамдық талқылауға шығарды, деп жазады inbusiness.kz.

Үкіметке жыл соңына дейін агенттікпен бірлесіп, Парламентке аталған заң жобасын енгізу тапсырылған. Қолданыстағы заңдарда банктер мен микроқаржылық ұйым (МҚҰ) банктік қарыз және микрокредит беру туралы шарттар (оның ішінде жұмыс істемейтін активтер) бойынша құқықтарды (талаптарды) тікелей сату жолымен немесе секьюритилендіру арқылы беруге (қайта беруге) құқылы резидент-ұйымдардың толық, шектеулі тізбесі көрсетілген.

Уәкілетті сатып алушылардың тізіміне: коллекторлық агенттік, банк, микроқаржы ұйымы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымы, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ, арнайы қаржы компаниясы, «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ, жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қоры, Ұлттық банк, заңды тұлға – МҚҰ қамтамасыз етілген облигацияларды шығару немесе қарызды алу кезінде микрокредит беру туралы шарттар бойынша талап ету құқының кепіл ұстаушысы енді.

«Проблемалық активтерді уәкілетті сатып алушылар тізіміне енбеген әлеуетті инвесторларға беруге рұқсат жоқ, бұл банктер мен МҚҰ-ның проблемалық активтерге иелік ету мүмкіндігін шектейді және әлеуетті инвесторларды азайтады. «Банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржы қызметі туралы» заңдардың ережелеріне сәйкес кез келген банктік қарыз бен микрокредит бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру (қайта беру) үшін қарыз алушылардың келісімі талап етіледі. Бұл талаптар проблемалық активтерді сату бойынша қосымша кедергі тудырады», - деп жазылған агенттік таратқан хабарламада.

Осыған байланысты агенттік банктер мен МҚҰ заңды тұлғалармен және жеке кәсіпкерлермен жасалған банктік қарыз шарттары және микрокредит беру туралы шарттар (проблемалық активтерді қоса алғанда) бойынша құқықтарды (талаптарды) қайта беруге, сондай-ақ банктер мен МҚҰ меншігіндегі өндірілген мүліктің шекті мерзімін белгілеуге құқылы уәкілетті сатып алушылардың тізімін кеңейтуді ұсынып отыр.

Сонымен қатар агенттік қарыз алушылармен өзара іс-қимыл рәсімдері бойынша талаптарды сақтай отырып, оларға кредиторлар (инвесторлар) сатып алған активтерді сенімгерлік басқаруды жүзеге асыру құқығын беру арқылы коллекторлық агенттіктердің «сервистік компания» ретіндегі өкілеттілігін кеңейтуді ұсынады.

Сондай-ақ ведомство заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің қарызы (микрокредиті) бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру (қайта беру) кезінде қарыз алушылардың келісімін алу қажеттілігін алып тастауды жоспарлап отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша проблемалық активтердің үлесі – 2,5 трлн теңге (90 және одан көп күн өтіп кеткен қарыз, қаржылық жағдайдың нашарлауына байланысты қайта берілген қарыз, проблемалық активтерді басқару жөніндегі ұйымдардың балансындағы активтер, өндірілген мүлік).

Агенттіктің болжамынша, бұл өзгерістер проблемалық активтердің ағымдағы көлемі сұраныс пен ұсыныс арасындағы баға алшақтығына тікелей әсер етіп, құқықтық кедергілерді жоюға, нарыққа әлеуетті инвесторлардың кіруіне мүмкіндік береді. Құжатты жария талқылау 22 қазанға дейін жалғасады.