Бас қалада 2021 жылы 10 мың әлеуметтік пәтер салынады

0
2 486

Егер бұрын тізімге халықтың әлеуметтік осал тобының 3 санаты ғана кірсе, енді барлық 9 санаты кіретін болды.


Бас қалада 2021 жылы 10 мың әлеуметтік пәтер салынады

ERNUR.KZ. Елордада 2021 жылы 10 мың әлеуметтік пәтер салынады. Бұған қоса «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй» бағдарламасы жалғасады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарына есеп беру кездесуінде айтты, деп жазады 24.kz.

«Құрылыс саласында қолжетімді баспана салу аса маңызды. Өткен жылы пандемияға қарамастан, елордада 3 млн шаршы метрден астам үй салынды, олардың 80% – жекеменшік инвестициялар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолжетімді баспана санын үш есе арттырдық. Мысалы, егер 2018 жылы 1 100 әлеуметтік пәтер салынса, 2019 жылы жеңілдікпен берілетін 2 900 пәтер, ал 2020 жылы 7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынды. Биыл жеңілдікпен берілетін пәтер саны 10 мыңға дейін артады», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ 2021 жылы елордада Елбасының бастамасымен басталған «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы баспана» бағдарламасы жалғасады. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін 1 мыңнан астам жас азамат үйлі болады. Елорда әкімінің тапсырмасымен тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін артты, «Шаңырақ» (5-10-20) баспана сертификаттарын алушылар санатын кеңейту бастамасы көтерілді.

Егер бұрын тізімге халықтың әлеуметтік осал тобының 3 санаты ғана кірсе, енді барлық 9 санаты кіретін болды. Елорда әкімдігі әлеуметтік нысандардың жақын маңда болуын қамтамасыз ету жұмысын жалғастырып жатыр.

Мәселен, жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында медицина мекемелері, оңалту орталықтары, балабақшалар, балаларға арналған үйірмелер, полиция пунктері мен т.б. ашылып жатыр.