Бас мүфти: осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық.

0
862

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айында жамағаттың игілігі үшін қандай жобаларды іске асыратыны туралы айтты.


Бас мүфти: осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық.

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Карантин жағдайындағы Рамазан» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ muftiyat.kz сайтына сілтеме жасап.

«Өздеріңіз білесіздер, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға уақытша шектеу қойдық. Әр азаматтың өмірі мен денсаулығы қымбат құндылық болғандықтан, жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық. Әрине, бұл – уақытша сынақ. Алайда жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанымен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, мұсылманның ниеті амалынан қайырлы» - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен бірге Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айында жамағаттың игілігі үшін қандай жобаларды іске асыратыны туралы айтты.

«ҚМДБ www.muftyat.kz сайтына Рамазан энциклопедиясы қосымша парақшасы қосылып отыр. Бұл парақшадан Рамазан айы туралы толық ақпарат алуға болады. Еліміздегі облыс орталықтары, аудан, қала, кенттердің Ораза кестесі қазақ және орыс тілінде www.muftyat.kz сайтында орналастырылды. Хикмет.тв студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имам, ұстаздарымыз «30 күнде 30 уағыз» атты онлайн дәріс жүргізіледі"- дейді Бас мүфти.