Бас санитарлық дәрігер Алматыдағы менингит жағдайына пікір білдірді

0
2 118

Оның айтуынша, менингиттің қоздырушысы үнемі қоғамда циркуляцияда болады, ал қазіргі құбылмалы ауа райы, күннің салқындауы бактерияның айналымына қолайлы.


Бас санитарлық дәрігер Алматыдағы менингит жағдайына пікір білдірді

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин менингиттен қалай қорғану керектігі жайында кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жағдайларда бірінші кезекте ғимарат ішін, бөлмелерді жиі желдетіп тұру, дезинфекциялық заттармен тазарту секілді шараларды өткізіп тұруға кеңес береміз. Ең бастысы, мұрын-жұтқыншақ қабынуы, салқын тию белгілері бар науқастар шұғыл түрде медициналық қызметкерлердің көмегіне жүгінуі керек. Бұл ретте қайғылы оқиғалардың барлығы науқастардың денсаулық сақтау ұйымдарына тым кеш келуінен болады», - деді Бекшин.

Оның айтуынша, менингиттің қоздырушысы үнемі қоғамда циркуляцияда болады, ал қазіргі құбылмалы ауа райы, күннің салқындауы бактерияның айналымына қолайлы. Өткен жылдардағыдай А типі байқалды, сәйкесінше бүгінде Алматыда эпидемиологиялық ауру-сырқаулық тіркелді.

«Атап айтқанда, бұл дерт маусымдық сипатқа ие және ол салқын кезеңде, яғни көктемде тіркеледі. Осы аралықта адамның иммунитеті әлсірейді. Алматыда аурушаңдық толқынды циклдік мәнге ие. Бүгінде Алматыда зертханалық тұрғыда расталған менингиттің 29 оқиғасы тіркелді. Біз қазір бұл бағытта тиісті шараларды жүргізіп жатырмыз», - деді комитет басшысы.

Осы орайда ол қазіргі кезде мектептерде оқу жылының аяқталуы да өзінің оңтайлы рөлін атқаратынын атап өтті.

«Бактерияларды күн сәулелері жояды, сондықтан күннің жылынуына қарай ару-сырқау да төмендейді. Дегенмен де балаларға арналған мекемелерде профилактикалық шараларды атқарудамыз. Тәрбиешілер мен медициналық қызметкерлер балаларды үнемі тексеріп отырады», - деді Жандарбек Бекшин.

Бұдан бұрын мәлім етілгендей, жақында Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті әлеуметтік желіде тараған Алматыдағы менингококк инфекциясы туралы хабарламаға қатысты жауап берді.