БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің айтуынша, соның ішінде 214 мың гектары (57 мыңы – күздік, 157 мыңы – жаздық) – дәнді дақылдар.
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында биыл 521 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің айтуынша, соның ішінде 214 мың гектары (57 мыңы – күздік, 157 мыңы – жаздық) – дәнді дақылдар.
Сондай-ақ 126 мың гектарға (55 мыңы – күнбағыс, 157 мыңы – мақсары) майлы дақылдар себілмекші. 8,8 мың гектарға картоп, көкөніс-бақша дақылдары отырғызылады.
Сонымен қатар мал шаруашылығын қажетті жемшөппен мәселесін шешу мақсатында 172 мың гектарға мал азықтық дақылдар (соның 13,5 мыңы – біржылдық, 12,8 мыңы – көпжылдық шөп, 1,6 мыңы – сүрлемдік дақыл, 144,1 мыңы – өткен жылдардағы көпжылдық шөп) егіледі.
Басқарма басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, көктемгі егіске қажетті 17 мың тонна жаздық дәнді дақылдар, 2 мың тонна майлы дақылдар, 0,4 мың тонна мал азықтық дақылдар және 4,8 мың тонна картоп тұқымы толықтай дайындалды.
Соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығы техникалары жақсы жаңартылуда. Мысалы, облыс шаруалары 2020 жылы – 884, 2021 жылы 1062 ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алды.
Көктемгі далалық жұмыстарға 4670 трактор, 3050 тұқымсепкіш, 838 қопсытқыш 1 сәуірге дейін толық дайын болмақшы.
Сонымен қатар шаруалардың қажетті жанар-жағар майды қолайлы бағамен алуын қаматамасыз ету барысында Атырау мұнай өңдеу зауытынан 11,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді (сәуір – 3 мың тонна, мамыр – 5,5 мың тонна, маусым – 3 мың тонна). Дизель отынының бағасы литріне 184-188 теңгеден келеді. Бөлінген дизель отыны көктемгі далалық жұмыстарды уақтылы жүргізуге толық жеткілікті.
-Қазіргі таңда дайындық жұмыстары толыққанды жүргізіліп жатқанымен, РФ Үкіметінің қаулысына сәйкес биылғы 15 наурыздан 30 маусымға дейін Ресейден дәнді дақылдарды әкетуге уақытша тыйым салынуы түйткілді мәселені туындатып отыр. Соған байланысты Ресей шекарасында БҚО ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сатып алған ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары тиелген автокөліктер өткізілмей, кері қайтарылуда. Жалпы, Ресейден облыс шаруашылықтарымен алдын ала ақшасын төлеп, келісімшартқа отырылған 1200 тонна тұқым алынуы тиіс, - дейді басқарма басшысының орынбасары.
Оған қоса көктемгі далалық жұмыстарға қатысатын ауыл шаруашылығы техникасы негізінен Ресей мен Беларусьта өндірілетіндіктен, ішкі нарықта қосалқы бөлшектердің тапшылығы мен бағасының өсуі байқалады.
«Көктемгі егіс жұмыстарын жоспарлы және уақтылы өткізу мақсатында аталған мәселелерді шешу бағытында 2022 жылғы 17 наурызда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолданды», деді Д.Омашев.
Оның мәлім еткеніндей, мемлекеттік қолдау, яғни субсидиялау бағдарламалары бойынша 726,4 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Субсидиялау ережелері биылға өзгеріссіз, күшінде қалады. Өзгерістер 2023 жылғы 1 қаңтардан күшіне енетін болады.
Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау бойынша 2022 жылға 247 млн теңге қаралды (2021 жылы – 196 млн теңге). Осы қаржыға 1 700 тонна тұқымды субсидиялау жоспарлануда.
Субсидиялау бағдарламаларынан бөлек көктемгі далалық жұмыстарды қаржыландыруға «Кеңдала» бағдарламасы бойынша 950 млн теңге (мөлшерлеме 5 пайыз) және «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 250 млн теңге (мөлшерлеме 17 пайыз) қарастырылды.
Қазіргі таңда барлығы 764 млн теңге несие, соның ішінде «Кеңдала» бағдарламасы бойынша 33 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 671 млн теңге және «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 4 шаруаға 93 млн теңге берілді. Өтінімдердің түсуіне байланысты несиелендіру жұмыстары жалғасуда.
Күні бүгін тұрақтандыру қоры арқылы маусымаралық кезеңде белгіленген бағамен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін және шикізатты одан әрі 1-сұрыпты ұн мен күнбағыс майына қайта өңдеу үшін форвардтық сатып алу бойынша шамамен 1 млрд теңге көктемгі егіс жұмыстарына бағытталатын болады.
Жалпы, тұрақтандыру қоры бойынша «айналым схемасы» тетігі шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын сатып алу үшін 1,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында 3 676 тонна көлемінде азық-түлік өнімі бар. Қарақұмық жармасы, күріш және қант бағасын тұрақтандыру үшін қосымша қарыз беру көзделуде.
Облыстағы ұн тартушы кәсіпорындарды арзандатылған бидай астығымен қамтамасыз ету және 1-сұрыпты нанның бағасын тұрақтандыру мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы өңірлердегі ұн тартушы кәсіпорындарға арзандатылған (90 мың теңге/тонна) бидай жіберу тетігі іске қосылуда. Осы шараларды іске асыру үшін 16 мың тонна бидайға үш жақты меморандумға қол қойылды.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы азық-түліктік бидайды сатып алып, облыс тұрғындары үшін 1-сұрыпты бидай ұнының (әлеуметтік нанның) бағасын тұрақтандыру шараларына қатысу үшін «Белес Агро» ЖШС мен «Желаев АӨК» АҚ ұн тартушы кәсіпорындары оператор ретінде ұсынылды.
«Осындай іс-шаралар Президент тапсырмасына сәйкес өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септесетін болады», деді Денис Омашев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 94 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын жазған болатынбыз.