Бауыржан Әбжанов Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары болды

0
822

Бұл қызметке генерал-майор Бауыржан Әбжанов тағайындалды.


Бауыржан Әбжанов Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары болды

ERNUR.KZ. ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының орынбасары тағайындалды, деп жазады Tengrinews.kz.

"14 шілдеде Президент әкімшілігінің келісімі бойынша ішкі істер министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы бас қолбасшысының орынбасары лауазымына генерал-майор Бауыржан Әбжанов тағайындалды", - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов генералды тағайындалуымен құттықтап, жеке құрамға таныстырды.
"Бауыржан Садықұлы көп жылдан бері құқықтық тәртіп әскерінде қызмет етіп келе жатқандықтан көпшілігіңізді жақсы біледі. Дегенмен жауынгерлік жолдасымыз туралы қысқаша айтып берейін. Оның басшылық және қарамағындағылар арасында беделі жоғары. Курсанттан және лейтенанттан генерал-майорға дейін, взвод командирінен өңірлік қолбасшылықтың басшылық лауазымына дейін қызмет жолынан өтті. Кейінгі жылдардағы лауазымы - Петропавл қаласындағы ҚР Ұлттық ұлан академиясының бастығы қызметін де абыроймен атқарды. Өңірлердегі және орталықтағы барлық әскери қызметші бұл кісіні кәсіби сардар, білікті басшы және нағыз офицер ретінде таниды. Жаңа орында Бауыржан Садықұлы мұны тағы да дәлелдеп, мемлекет пен құқық тәртібі әскерлеріне адал қызмет етеріне сенімдімін", - деді ол.
Өз кезегінде генерал-майор Бауыржан Әбжанов ІІМ басшылығына және Ұлттық ұлан бас қолбасшылығына жоғары сенім артқаны үшін жылы лебізін білдірді.
Бауыржан Әбжанов 1968 жылы 10 сәуірде Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, Мәдениет ауылында дүниеге келген. 1990 жылы КСРО ІІМ Новосібір жоғары әскери командалық училищесін бітірген. 1998 жылы М.В. Фрунзе атындағы Әскери академияны, ал 2013 жылы Мәскеу қаласында Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының академиясын тәмамдаған.
1990 жылдан 2012 жылға дейін взвод командирінен ҚР ІІМ Ішкі әскер құрама командиріне дейін түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. Ұлттық ұлан "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, инспекторлық-талдау басқармасының бастығы - Ұлттық ұлан бас қолбасшылығы әскери кеңесінің хатшысы болған. 2018 жылдан бері ҚР Ұлттық ұланы академиясын басқарған.
1988 жылдың маусымынан тамызына дейін, 1988 жылдың қарашасынан 1989 жылдың қаңтарына дейін және 1989 жылдың маусымы мен шілдесіне дейін Закавказье республикаларындағы ұлтаралық қақтығысты реттеуге қатысқан.
ҚР Президентінің 2011 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен оған "генерал-майор" әскери атағы берілген.
Ол - Ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген қызметкер, КСРО және Қазақстан Республикасының 27 медалымен наградталған, PhD философия докторы, Қазақстан Әскери ғылымдар академиясының профессоры.