Баянауылда тұрғындар батырларға ескерткіш қоюға қарсы шықты

0
718

1 млрд. 51 млн. теңге қаражат - Баянауыл өңіріне қос батырға ескерткіш қою үшін жұмсалмақ.


Баянауылда тұрғындар батырларға ескерткіш қоюға қарсы шықты

Жергілікті бұқара қыруар қаржының ескерткішке жұмсалуына қарсылық танытты. Олар қомақты қаражатты ауданда әлі күнге дейін шешілмей жатқан өзекті мәселелерге бағыттауды талап етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Бұл жаңадан орнатылмақ болған ескерткіштің қағаздағы нұсқасы. Болашақта бұл маңға Баянауыл ауданының әкімдігі аумағы үлкен саябақ салуды жоспарлап қойған. Онда Жасыбай мен Олжабай батырларға еңселі ескерткіш қойылмақ. Ал бұған тұрғындар үзілді-кесілді қарсы. Өйткені, қомақты қаржыны тек ескерткішке жұмсау тиімсіз – дейді.

"1 млрд. 50 млн-ға қазіргі жағдайда осындай қырауар ақшаны жұмсап, қажет емес - деп есептейміз. Оның салатын жері де қолайсыз. Басқа жерге салуға болады. Ондай қыруар ақша жұмсамай, керемет ескерткіш орнатуға болады", - дейді Баянауыл ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуғали МУСИН.

Аудан белсендісі Орал Сартаев бұл қаражатты әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсау керектігін айтады. Өңірде әлі күнге дейін шешімін таппаған өзекті түйткілдер барын жеткізді. Соның бірі – аудан орталығы Баянауылға кәріз жүйесін тарту. Өйткені үйлерден шыққан нәжіс қалдығы туристік аймақтағы көлдерді ластап жатыр – деді.

"Баянауылға бүгінгі таңда ең бірінші керек нәрсе ол - кәріз жүйесі. Біздің жеріміз саз, балшық емес, тастақ. Оның бәрі көлге барады. Оны экологиялық тұрғыда дәлелдегенбіз. Көл ақырын-ақырын құрып келе жатыр. Бұлай болатын болса, бір 15-20 жылдан кейін көлге шомылуға болмайтындай жағдай болады", - дейді Баянауыл аудандық фермерлер одағының төрағасы Орал САРТАЕВ.

Аудан әкімдігі бұдан бөлек Баянауылға кіреберістегі стэлланы алып, жаңасын қоюды да жоспарлапты. Жергілікті халық бұған да қарсы. Олар тарихи маңызы бар белгіні ауыстырудың қажеттігі жоқ ден санайды. Өйткені, бұған да қомақты қаражат бөлінбек.

"Бұл стэлланы ескертуге жұмсалатын жанағы 430 млн. ақша бұл құмға су құйғанмен бірдей зая кететінтін, ол қажет емес. Сапасы әлі жақсы. Басқаша өзгертіп тағы қажет жоқ. Ұзын сөздің қысқасы, осыншама қыруар қаражат жұмсап, бұл стэлланы өзгертіп қажеті жоқ. Тиімсіз. Үкіметтің ақшасын ысырап қылу деп санаймыз", - дейді Орал САРТАЕВ.

Аудан әкімі Қанат Кәрімов болса, ескерткіш үшін 1 млрд 51 млн теңге қымбат емес деп отыр. Оның 560 млн. теңгесі демеушілер есебінен болатынын нақтылады.

"Жобаның құны негізі жалпы 934 млн теңге. 600-ден астам ағаш отырғызу керек. 2,5 мың шаршы метр гүлзар, адамдар жүретін жолашықтар, 100-ден астам жарықтандыру орындары, балаларға, жастарға арналған алаңдары бар. Енді осындай екі мүсін. Сондықтан, қымбат деп айтып жатқан адамдарға тым қымбат деп айта алмаймын", - дейді Баянауыл ауданының әкімі Қанат КӘРІМОВ.

Десе де, жоба сараптамадан өткен, конкурста жарияланып қойыпты. Ауқымды құрылыс келесі жылы аяқталады – деп жоспарланып отыр.