Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерінің үстінен «Fokker-100» ұшағының Алматы іргесіндегі апатын тергеп жатқаны айтылған.
ERNUR.KZ. Азаматтық авиация комитеті «Бек Эйр» әуе компаниясына тиесілі ұшақтың Алматы іргесіндегі 2019 жылғы апатының мән-жайына тоқталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұған дейін ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген еді.
Онда Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерінің үстінен «Fokker-100» ұшағының Алматы іргесіндегі апатын тергеп жатқаны айтылған.
«Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерінің үстінен Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы (қызметтегі əрекетсіздік) бойынша 2018 жылы «Fokker-100» ұшағының апатқа ұшырауына əкеп соққан Алматы қаласы əуе айлағының ұшуға жарамдылығы сертификатын заңсыз беру жөніндегі қылмыстық істі тергеп-тексеруде. Лауазымды адамдардың іс-əрекетіне түпкілікті бағалау тергеу қорытындысы бойынша берілетін болады», - деп жазылған жауапта.
Комитет өкілдері аталған қылмыстық іс бойынша тергеу орындарымен белсенді жұмыс істеп жатқандарын, алайда әуе айлағына заңсыз берілген жер заңнама бойынша айлақтардың жарамдылығы туралы сертификат беруден бас тартуға негіз бола алмайтынын айтып отыр.
«Әуе айлақтарын сертификаттау және жарамдылық сертификатын беру тәртібі «Әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) жарамдылығын сертификаттау және оларға сертификат беру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Инвестициялар және даму министрінің бұйрығымен регламенттелгенін атап өтеміз. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдардың жер учаскелерін заңсыз беруі салдарынан пайда болған әуе айлағы маңындағы аумақта объектілердің болуы сертификаттық зерттеп-қарау нысанасы болып табылмайды және әуе айлақтарының жарамдылық сертификатын беруге кедергі бола алмайды», - делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ, ведомство мамандары Алматы іргесінде ұшақтың құлауына әуе кемесінің қанатындағы ақаулар себеп болғанын еске салады.
«Авиациялық оқиғаны тексерудің қорытынды есебі бойынша, «Бек Эйр» АҚ әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаны зерттеген комиссия әуе кемесінің апаты ұшақ әуеге көтерілген кезде қанатының күш түсетін қасиеттерінің симметриясын жоғалтуынан болғанын анықтады. Соның кесірінен ұшақ ұшу-қону жолағынан көтерілгеннен кейін фюзеляжға құлап, қар басқан топырақтың бетімен оңға қарай ауып кеткен, одан кейін әуежайдың периметр бойынша қоршауын бұзып, аталған қоршаудан 9-10 метр қашықтықта орналасқан екі қабатты жеке меншіктегі құрылыс нысанына соғылған. Комиссия қорытындысына сәйкес, ұшақ қанатының күш түсетін қасиеттерін жоғалтуының себебі жер үстіндегі мұзданудың әсері болуы ықтимал», - деп жазылған комитет мәліметінде.