Жол апаты салдарынан бес адам көз жұмды, оның ішінде бес жасар бала бар. Бір адам ауруханаға жатқызылды.
ERNUR.KZ. Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева Павлодар-Қызылорда тасжолында болған жаппай жол апатынан қаза тапқандар туралы хабарлады, деп жазады sputniknews.kz.
"Шамамен 35, 40 және 45 жастағы үш ер адамның, 40 жастағы әйелдің және бес жасар ер баланың биологиялық өлімі тіркелді", - деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Жаппай жол апаты салдарынан жарақат алған әйел ауруханаға жатқызылды.
"Науқас 1986 жылы туған. Оған жабық бас сүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы, маңдай аймағының соғылған жарасы, кеуденің соғылуы диагнозы қойылды. Сонымен қатар науқастың жамбасы сынған. Зардап шегуші Екібастұз қалалық ауруханасының травматология бөлімінде жатыр", - деді Темірғалиева.
Бұған дейін хабарланғандай, 20 желтоқсан күні шамамен сағат 13:00-де республикалық маңызы бар Павлодар-Қызылорда автожолының 201-ші шақырымында жолдың нашар көрінуі салдарынан үш көлік соқтығысты: Subaru Outback, Lada Granta және Тоyоtа Cаmry.
Жол апаты салдарынан Lada Granta көлігінде болған бес адам – жүргізуші және төрт жолаушы оқиға орнында көз жұмды.