"Бес бала уланды": Талғар ауданындағы мектептердің бірінде сырлау жұмысы жүргізілген

0
302

Басы дауға қалған директордың айтуынша, мұнда 0-сынып балалары оқып келген.


ERNUR.KZ. Алматы облысында оқу жылының аяқталмағанына қарамастан мектепте сырлау жұмыстары жүргізіліп, салдарынан бояудың иісіне бес бала уланды, деп жазады zakon.kz.

"Соңғы қоңырау соқпай жатып, кабинеттері сырланған мектепте бояу иісінен 5 оқушы ұшынып, бір жеткіншектің ауруханада ем алуына тура келді. Оқиға Талғар ауданына қарасты Жалқамыс ауылында болған. Анықталғандай, білім ордасында табан асты еден сырлап, қабырға бояуды ауысып келгеніне бір аптадай ғана болған директор тапсырған. "Кабинеттің тазалығын қаладым" деген ол иістің кетпей қалуына жаңбырлы ауа райын себеп қылды.

"Жұма күні жұмыс аяқталғаннан кейін, балалар тараған соң, жуып тазалап, ақтап, боядық. Сол күні ауа-райы аздап салқын болды. Біздің есебімізше, күн ыстық болса тез кеуіп кетер еді. Күн салқын болған соң, бояу баяу кепті", - деді Жалқамыс ауылы №15 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Гүлназ Әліғожаева.

Мектеп қызметкерлерінің айтуынша, сол күні екі кабинет қана сырланған. Бірі - қабылдау бөлмесі, ал екіншісі - оқушылар сыныбы. Директор өз жоспарын аудандық білім бөліміне де, сонда оқитын балалардың ата-аналарына да хабарламапты. Бояу сіңбей жатып кабинетте сабақ та өткізілген.

Басы дауға қалған директордың айтуынша, мұнда 0-сынып балалары оқып келген. Бірақ қазір, шудан кейін, кабинет толық жабық тұр.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басы айналған бес оқушыға да "Бояу иісінен улану" диагнозы қойылғанын мәлімдеді.

"Жалғамыс дәрігерлік амбулаториясына №15 орта мектепте оқитын бес оқушы жүрек айнуы, бас ауруы және бас айналуы туралы шағымдармен түсті. Диагноз: бояу иісінен улану", - дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Ләйлім Әубәкірова.

Иістенген бес бала да үйіне жіберілді. Шу шыққан білім ордасында сабақтар өтіп жатыр. Мектеп директорының ісіне қатысты тексеріс тобы құрылды.