Республика бойынша 80 мыңнан астам студентке жатақхана жетіспейді.
ERNUR.KZ. Еліміздің 129 ЖОО мен 795 кәсіптік білім беру мекемесінде 1,1 млн-ға жуық студент білім алуда. Олардың 175 мыңы (16% пайызы) ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. 80 мыңнан астам студентке жатақхана орны жетіспейді. Білім және ғылым министрлігіндегі осы проблема туралы Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Аталған мәселені шешу мақсатында 2018 жылдың наурыз айында Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуі жарияланды. Бағдарлама аясында Білім және ғылым министрлігіне 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық 184 жаңа жатақхана салу тапсырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджет есебінен 118 млрд тенге қаржы қарастырылған. Әлеуметтік бастама жоспарға сай жүзеге асатын болса, жатақханаға мұқтаж студенттердің 85%-ы орынмен қамтамасыз етіледі», - дейді Мәди Ахметов.
«Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының ақпараты бойынша, соңғы 2 жылда ел аумағында 20 266 орындық 75 жатақхана пайдалануға берілген. Бұл жалпы көрсеткіштің тек 27%-ы.
«Пайдалануға берілген жатақханалардың тек 39-ы жаңадан бой көтерсе, қалған 36-сы реконструкциядан өткен. Негізінде мемлекеттік бюджеттен қарастырылған қаржы жаңа жатақханалардың құрылысына жоспарланғанын ескеру қажет.
Сондай-ақ, депутаттық сауалды дайындау барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, аймақтағы әкімдіктер, «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы ұсынған статистикалық мәліметтер, жатақхана құрылысына байланысты ақпараттар бір-біріне сәйкес келмейтінін аңғардық. Бұл әлеуметтік бастаманы жүзеге асырудың нақты бірыңғай жоспары жоқтығын көрсетеді», - деді депутат.
Айта кетерлігі, жатақхана жетіспеушілігі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр. Мұнда жатақханаға мұқтаж студенттердің үлесі 56%-ды құрайды (шамамен 17,2 мың студент). Екінші орында – Алматы.
Депутаттар Мәди Ахметов пен Елнұр Бейсенбаев Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығының» инвесторларға ұсынып отырған шарттарын қайта қарастыруды ұсынды.