Алакөлдің суын бассейнге пайдаланып, қайтадан өзіне құяды.
ERNUR.KZ. Алматы облысы Ақши ауылы тұсында Алакөлге құйылып жатқан құбыр суы жайлы видео әлеуметтік желіде жаппай тарап, жұртшылықтың наразылығын тудырғаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Осы мәселе жөнінде Азаттық тілшісі Алматы облысы Алакөл ауданының әкімдігіне хабарласып, мән-жайды сұрастырып білген. Аудан әкімі аппаратының жетекшісі Бақытбек Сүлейменов "Алакөлге канализациядан лас су жіберіліп жатыр" деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның сөзінше, көлге құбырдан су құйылғаны кеше, шілденің 31-і белгілі болған.
"Құбыр суы жағадағы демалыс орындарының біріндегі бассейннен жіберілуі мүмкін" - деген Бақытбек Сүлейменов "бассейн суының көлге қайта жіберілетінін бірінші рет естіп отырғанын, барлық демалыс үйлерінде бассейн суын төгетін септик бар деп есептейтінін" айтты. Ол арнайы құрылған комиссия сонда жүргенін хабарлады.
Комиссия жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары Айдын Шалкеновтің сөзінше, Алакөлге құйып жатқан құбыр суы - биылғы маусымда алғаш жұмыс істей бастаған "Көктем гранд" демалыс үйінің алдындағы балалар бассейнінің суы.
"Бұл - көлдің таза суы. Алакөлдің суын бассейнге пайдаланып, қайтадан өзіне құяды. Оған химикат қосылмайды. Суды шамамен жетісіне бір рет ауыстырады. Демалыс үйінің артында канализация суы құйылатын мың текше метрлік септик тұрғанын көрдік. Қазір санитарлық эпидемиологиялық станция мамандары суды тексереді. Қорытындысы жайлы тағы ақпарат береміз. Ластанғаны анықталса, жаптырып, септик жасаттырамыз" - деді ол.