​«БИЛІК ҚАЗАҚТЫ ҚҰРТУҒА КӨШТІ» - Белгілі журналист Тоқаевтан қазақша сөздерді ауыстырмауды сұрады

0
13 828

"Қоғамның талқылауына салмай, пікірін білмей бұлай істеуге оның моральдық хақысы жоқ" деп санайды ол.


​«БИЛІК ҚАЗАҚТЫ ҚҰРТУҒА КӨШТІ» - Белгілі журналист Тоқаевтан қазақша сөздерді ауыстырмауды сұрады

фотоколлаж үшін суреттер ашық дереккөзден алынды

Белгілі журналист Мәди Манатбек қазақша аудармаларды қайта ауыстыруға қарсы екендігін білдіріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан қазақ тіліне еніп кеткен сөздерді қалдыруды сұрады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы журналист өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды.

Оның айтуынша, дәл қазіргі уақытта кеше ғана тағайындалған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қазаққа сіңіп үлгерген аударма сөздерді қайта орысша нұсқасына ауыстыруға шешім қабылдағаны көпті дүрліктіріп отыр. Бұл туралы әлеуметтік желілерде қызу талқылау жүріп жатқанын да алға тартады.

«Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Ел биліктің әр сөзін аңдып, әр ісін бағып отыр. Дәл қазір піспеген шешімді асығыс қабылдай салатын кез емес. Елмен санаспаса, ортаға салмаса болмайды.

Қоғамды дүрліктірген мәселенің бірі, мәдениет және спорт министрі болып кеше ғана тағайындалған Ақтоты Райымқұлованың қазаққа сіңіп кеткен аударма сөздерді қайтадан орысша нұсқасына ауыстырамыз деген шешімі. Қоғамның талқылауына салмай, пікірін білмей бұлай істеуге оның моральдық хақысы жоқ. Онсыз да елеңдеп отырған елді, осы бір ойсыз қадам жайсыз күйге түсірді. Осының өзінен кешелі-бері «билік қазақты құртуға біржола көшті, тілден айыру – елден айыру, бұған шыдауға болмайды» деген сияқты пікірлер қызу талқыланып жатыр. Былайша айтқанда жоқ жерден мәселе шығарып, елдің наразылығын тудырып отырсыздар.

Сізге шынымды айтайын. Өз басым «сынып», «мұражай», «пайыз», «әнұран», «мұрағат», «мейрамxана», «қолтырауын», «ұшақ», «ақау», «әлеует», «ота» деген сөздерге үйреніп қалдым. Самоварды самаурын дейтініміз сияқты бұл сәтті аударылған, отыз жылдан бері санаға сіңген сөздер. Аударылғаны бар, ежелден қолданылып келе жатқаны бар, бұл сөздерге қазақ әбден үйренді. Кеңестік дәуірде қалыптасқан аз ғана топқа қазақыланған атаулар ұнамайды екен деп ауыстыра салуға мен қарсымын. Басшы айтса болды ел қоштайды дегенді де қою керек. Бұл шешімнен қайтпаймыз дейтін болсаңыздар, «класс», «музей», «гимн» деп өздеріңіз айта беріңіздер. Бірақ қазақша баламасына тиіспеңіздер. Гимн деп те, әнұран деп те айта берейік. Бұл тілімізді байытпаса кемітпейді.

Тіл комитеті, терминком, тіл институтының мамандары сіздерге бағынышты болғандықтан үнсіз келісіп отырған болар. Бірақ іштей олар да наразы. Сондықтан тілді тұқыртып, елді түртпектей беруді қою керек. Тым болмаса елдің талқылауына салыңыздар. Жаны ашыған әр адам пікірін білдірсін, талқылауға қатыссын. Тіл - ұлттың жаны.

Тіл, жер, тәуелсіздік мәселесінде отпен ойнауға болмайды», деп жазды ол.

Айта кетейік, жаңадан тағайындалған министр кешегі өткен есеп беру кездесуінде "әнұран", "сынып" деген сөздер қолданыстан алынатынын айтқан болатын.