Білім гранттарын жеңілдікпен алатындардың саны жарияланды

0
794

2019-2020 оқу жылына барлығы 53 785 грант бөлінген.


Білім гранттарын жеңілдікпен алатындардың саны жарияланды

ERNUR.KZ. Білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын бастады. Бүгін комиссия мүшелері алғаш рет жиналып, гранттарды таратудың шарттарын талқылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованың айтуынша, биылғы конкурсқа 64 452 талапкер қатысады. Олардың ішінде 52 337 адам - қазақ тілді түлектер, 11 757 адам орысша және 87 адам ағылшын тілін таңдағандар.

"Конкурсқа қатысып жатқан балалардың арасында 5 824 адам - "Алтын белгі" иегері, 224 адам – халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, 128 адам – халықаралық және республикалық ғылыми сайыстардың жеңімпазы және 336-сы – спорттан халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы. Олардың барлығы грант тағайындағанда басымдыққа ие болады. Бірақ ұпай саны біреумен тең болған жағдайда ғана", - деді Жақыпова.

Бұдан бөлек, арнайы квотаға ие болатындардың ішінде жетім балалар (521), мүгедектер (377), жеңілдік жағынан Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге теңестірілгендер (15), Қазақстан азаматтығы жоқ ұлты қазақ жастар (872) бар.

"Жалпы, 2019-2020 оқу жылына барлығы 53 785 грант бөлінді. Соның ішінде 2 450 грант – жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне, 51 335 – бірінші курсқа қабылдауға, соның ішінде 3 040 колледдж түлектеріне бөлініп отыр. Сондай-ақ, "Серпін" бағдарламасына 5 109 грант берілді", - деп атап көрсетті Жақыпова.

Айта кетейік, комиссия құрамына 23 адам кіреді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, осы айдың аяғына дейін комиссияның шешімі шығарылады. Ал 5 тамызға дейін жұмыстың қорытындысы жарияланатын болады.

"Бүгін біз негізгі шарттарды талқылап, гранттардың тағайындау тәртібімен танысу үшін жиналып отырмыз. Негізгі жұмыс ертең басталады. 10:00-де жиналамыз да, нақты өтініштер мен тізімдерді қараймыз. Бүгінде барлық жұмыс автоматтандырылған. Оған ешкім араласа алмайды", - дейді Аймағамбетов.