Бір айда 40 мыңнан астам алматылық тегін дәрі алғанын растады

0
1 110

Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетіледі


Бір айда 40 мыңнан астам алматылық тегін дәрі алғанын растады

ERNUR.KZ. Соңғы 4 аптада тегін дәрі-дәрмек беру процесін бақылау шеңберінде Алматы бойынша 40 753 SMS-хабарлама жіберілді, деп жазады almaty.tv.

SMS денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерге мемлекеттік тапсырыс (кепілдендірілген тегін медициналық көмек – ТМККК) шеңберінде тегін дәрі-дәрмек алғандар ретінде енгізілген пациенттерге жолданған.

Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетіледі. Препараттар шын мәнінде қолына тимеген пациенттер SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдай алады немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалса болады. Қоңырау шалу да, SMS те – тегін.

«Дәрі-дәрмекті толық алмадым деп жауап қайтарған пациенттердің жалпы саны 100-ге жуықтайды. Бұл заң бұзушылық деңгейінің жоғары еместігін көрсетеді», делінген хабарламада.

Биыл оңтүстік астана тұрғындарын тегін дәрімен қамтамасыз етуге бөлінген қаржы көлемі 15 млрд теңгеден асып жығылады.

Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры былтырдан бастап кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгерткен болатын. Жаңа тәртіп бойынша, дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне дәрінің берілгені туралы белгі соғылған рецептілерге ғана ақы төленуі тиіс.

Тегін дәрі-дәрмек беру процесін бақылау жобасын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Медициналық сақтандыру қоры мен «СҚ-Фармация» ЖШС бірлесіп қолға алған болатын.