Біртановтың ісі: сот экс-министрді үйқамақта ұстау мерзімін өзгеріссіз қалдырды

0
470

​Адвокаттар соттан үйқамақта ұстау мерзімін тағы екі айға ұзарту туралы 14 қыркүйекте шығарылған сот шешімін заңсыз деп тануды сұрады.


Біртановтың ісі: сот экс-министрді үйқамақта ұстау мерзімін өзгеріссіз қалдырды

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі соттың сот алқасында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін тағы екі айға созу туралы сот шешіміне аппеляция қаралды, деп жазады sputnik.kz.

Бұған дейін экс-министрдің үйқамақта болу мерзімі 2021 жылдың 14 қарашасына дейін ұзартылған болатын. Біртановтың адвокаттары қарсы шығып, соттан бұлтартпау шарасын жеңілірек жазаға – ешқайда кетпеу туралы қолхат немесе кепілге ауыстыруды сұрады.

"Тергеу тобы жетекшісінің өтінішімен іс материалдарымен танысу кезеңінде күдікті Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін созу ісі қаралды. 14 қыркүйекте тергеу соты мерзімді 14 қарашаға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұған адвокаттар Сағалиев, Куряченко, Бейсекеев жеке шағым түсірді. Біз қазір осыны қарастырып жатырмыз",- деді судья Мұрат Солтыбаев.

Прокурор Жараспаев соттан Елжан Біртановтың үйқамақта болу мерзімін ұзарту туралы сот қаулысын өзгеріссіз қалдыруды, ал адвокаттар бұл шешімнің күшін жоюды сұрады.

Адвокат Дмитрий Куряченко судья Ақшабаев үйқамақты негізсіз ұзартты деп санаса, қорғаушы Нұрлан Бейсекеев "іс белгілі бір дәрежеде тапсырыстық сипатқа ие" деп мәлімдеді.

Сотта бұрынғы министр сөз сөйлеген жоқ.

Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі соттың сот алқасы судьясы Мұрат Солтыбаев Біртанов қорғаушыларының дәлелдерімен келіспей, күдіктіні үйқамақта қалдырды.

"Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының күдікті Біртановты қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде үйқамақта ұстау мерзімін екі айға ұзарту туралы 2021 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын, адвокаттардың жеке шағымы қанағаттандырылмайды. Бұл соңғы шешім, кассациялық тәртіпте шағымдануға және наразылық білдіруге жатпайды", - деді судья Солтыбаев.