Биыл Балқаш көлінің жағалауында этноауыл, ойын-сауық кешендері салынады – Жеңіс Қасымбек

0
638

Өткен жылы қаладағы Балқаш көлінің жағалауы абаттандырыла бастады. Биыл этноауыл, ойын-сауық кешенінің құрылысы жоспарлануда.


Биыл Балқаш көлінің жағалауында этноауыл, ойын-сауық кешендері салынады – Жеңіс Қасымбек

ERNUR.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Приозёрск қаласының тұрғындарымен кездесті, деп жазады ҚазАқпарат.

Аймақ басшысымен кездесу «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының ғимаратында өтті. Басқосуда қала халқының өмірі, туризмді дамыту, әлеуметтік және құрылыс саласына қатысты көптеген мәселелер сөз болды.

Приозёрск тұрғындары әкімнен жастарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытатын колледж ашуды сұрады. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар Мәдениет үйі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін (ДСК) салу қажеттілігі туралы айтты. Облыс әкімі жыл соңына дейін ДСК жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді тапсырды.

«ДСК-дан бастайық, Мәдениет үйі бойынша мәселені біртіндеп шешетін боламыз. Колледжге қатысты көтерген мәселені қолдаймыз, нұсқаларды қарастырамыз. Әрбір мәселені бақылауда ұстайтын боламын», - деді Жеңіс Қасымбек.

Тұрғындарға Балқашпен автобус қатынасының болмауы да қолайсыздық тудыратыны айтылды. Әкім бұл мәселенің де шешілетінін жеткізді.

Приозёрск Балқаш курорттық аймағына кіреді. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, туризмді насихаттауға және демалуға жағдай жасау керек.

«Біздің қаламыз елге танымал. Туристердің көбірек келуін қалаймын. Ол үшін саланы дамытып, жарнаманы күшейту қажет», — деп атап өтті Приозёрск қаласының тұрғыны Әділбек Бердімұратов.

Өткен жылы қаладағы Балқаш көлінің жағалауы абаттандырыла бастады. Биыл этноауыл, ойын-сауық кешенінің құрылысы жоспарлануда.

Жиында әр қатысушы өз ойын айта алды. Ашық микрофон форматындағы мұндай кездесулер биліктің тиімді диалогын құруға мүмкіндік береді.

«Жергілікті билік шеше алмайтын мәселелерді тікелей айтуға мүмкіндік бар. Бүгін біз өз проблемаларымыз туралы айттық», — дейді қала тұрғыны Нұрғали Қарабеков.

Жеңіс Қасымбек сонымен бірге жеке қабылдау өткізді. Приозёрск тұрғындары тұрғын үй, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру мәселелерін қозғады. Тұрғындардың бірі Транспортная көшесіндегі жолды ретке келтіруді өтінді.

Жеңіс Қасымбек құзырлы орган өкілдеріне қаржы тауып, биыл жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Сарышаған тұрғыны, көп балалы ана Алма Әбілдаева өз ісін кеңейтуге қолдау көрсетуді сұрады. Ол балық өңдеумен айналысады, бірақ қосымша жабдық сатып алу үшін грант ала алмады.

Облыс әкімі әйелге қолдау көрсетудің жолдарын қарастырып, мәселені шешуді тапсырды.

Жалпы, облыс басшысы шешімі табылмайтын мәселелер жоқ екенін, бірте-бірте барлық мәселені шешетінін айтты. Жергілікті билік алдына ай сайын әрбір қойылған сұрақтың шешілу барысы туралы баяндап отыру міндетін қойды.