Биылғы 6 айда республика халқы арасында 23 нозология, оның ішінде тырысқақ, күйдіргі, іш сүзегі, сіреспе, дифтерия, құтыру аурулары тіркелген жоқ.
Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 26 инфекциялық аурумен сырқаттану төмендеді, оның ішінде бруцеллез 27%-ға, сальмонеллез 18%-ға төмендеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова ОКҚ брифингінде еліміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.
Оның айтуынша, еліміздің аумағында аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары: оба, туляремия, күйдіргі ауруларының топырақ ошақтары, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының, бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызбаның және басқа да ауру ошақтары орналасқан.
«Жаз кезеңі кенелердің жандануына байланысты аурудың өсуімен сипатталады. Республикада 4 өңірде: Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары бар. Жыл сайын өңірлердің әкімдіктері мен аумақтық санитарлық -эпидемиологиялық бақылау департаменттері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен сырқаттанудың алдын алу мақсатында көктемде кенеге қарсы іс-шаралар өткізеді: КҚГҚ бойынша қолайсыз елді мекендердің айналасында санитариялық-қорғау аймақтары, буферлік аймақтар құрылады, ауыл шаруашылығы жануарларын кенеге қарсы өңдеу және мал қораларын өңдеу жүргізіледі», – деді спикер.
6 айдың қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда тұрғындардың КҚГҚ-мен сырқаттануы 43%-ға төмендегені байқалады. Биыл сәуір айынан бастап Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 16 жағдайы тіркелді, оның ішінде 7 жағдай Түркістан, Қызылорда облыстарында және 2 жағдай Шымкент қаласында.
«10 жағдайда науқас адамдар мал бағуға қатысқан, 5 жағдайда науқастарды кене шаққан, 1 жағдайда науқас эндемиялық аймақта табиғатқа шыққан. Биылғы жылдың өткен кезеңінде 2 адам аурудан қайтыс болды. 8 науқас емделіп жатыр, қалған науқастар сауығып шықты, 115 байланыста болған адам медициналық бақылауда», – деді ведомство өкілі.
Эпидемиялық маусым қараша-желтоқсан айларына дейін созылатынын ескере отырып, КҚГҚ инфекциясын жұқтырмау мақсатында мынадай алдын алу шараларын орындау қажет: табиғатқа шыққан кезде репелленттерді қолдану; киімге түскен кенелерді уақытында табу үшін өзін-өзі тексеру және өзара тексеру жүргізу керек; табиғи ошақтарда орналасқан жануарлар мен мал қораларын кенеге қарсы өңдеуді жүргізу керек; ауыл шаруашылығы малын қырқуды және жүнін өңдеуді қорғаныш киіммен және қолғаппен орындау керек; кене шаққан немесе жануарлармен байланыста болған кезде немесе КҚГҚ ауруын жұқтыру қаупі жоғары басқа факторлар болғанда қызба пайда болса, бірінші күні медициналық ұйымға қаралу қажет.