Биыл құжат айналымынан 25 анықтама алынып тасталмақ

0
988

Бұл мемқызмет алатын тұрғындарға қолайлы болады.


Биыл құжат айналымынан 25 анықтама алынып тасталмақ

ERNUR.KZ. 2020 жылы анықтамалардың 25 түрі құжат айналымынан шығарылады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.


«Биыл мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды 90 пайызға дейін жеткізу мақсаты қойылды. Бұл шараларды барлық мемлекеттік органдармен пысықтаудамыз, жалпы, тиісті жұмыстар жоспар бойынша атқарылуда. Біз мемқызметтерді автоматтандырумен қатар, олардың кейбірін, яғни мекенжай анықтамасын алып тастап жатырмыз. Өйткені бұл анықтаманы бір меморганнан басқасына сұратады», - деді министр онлайн режимде халыққа есеп беру барысында.


Оның сөзіне қарағанда, бұл жұмыстар мен ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқасында осы тектес 5 анықтама құжат айналымынан шығарылды.


«Биыл анықтамалардың тағы 25 түрін айналымнан шығарып, мемқызмет алуда тұрғындарға қолайлы жағдай жасамақпыз. «Халыққа жақын болу» ұстанымы тұрғысында электронды үкіметтің мобильдік тұғырнамасы бар. Осы арқылы халыққа қызмет ұсыну мүмкіндігі ескерілген, бүгінде 60 қызмет осы тұғырнамада шоғырланды. Сонымен қатар, телеграм-боттарды белсенді ілгерілетудеміз», - деді министр.