"Бізге көп қабатты үй емес, саябақ қажет": Алматылықтар қаладағы құрылыс жұмыстарына наразылық білдіруде

0
497

Самал-2 ықшам ауданының тұрғындары әкімдіктегілер саябақ саламыз деп алдап, орнына көп қабатты үй тұрғызбақшы деп шағымдануда.


ERNUR.KZ. Алматылықтар жаппай көп қабатты үй салуға қарсылық танытуда. Бір емес, бірнеше тұрғын үй кешенін тұрғындары тығыз орналасқан пәтердің орнына балалар алаңқайы мен саябақтар орнатуды талап етуде, деп жазады Stan.kz.

Жүретін жол, серуендейтін орын қалмады деген қалалықтар әкімдікке шағымдарын жеткізіпті. Билік құлақ аспады деген "Комфорт" және "Гагарин Парк" тұрғын үй кешендерінің тұрғындары жолды жауып, құрылыс, жүк көліктерін өткізбеуге дейін барыпты.

Осыған ұқсас жағдайға "Абай" және "Tau development" тұрғындары тап болған. Олардың сөзіне сүйенсек, тығыз орналасқан үйлердің маңынан тағы бір 12 қабатты үй салынатындығын интернеттен оқып біліпті.

"Біз "Tau development" тұрғын үй кешенінен пәтер алмай тұрып, құрылыс ұйымы өздерінің марапаттарын көрсетіп, бұл жер қауіпсіз деп сендірген еді. Айтқандарының барлығы да бос сөз болып қалды. Ал енді жаңадан салынайын деп жатқан көп қабатты үй біздің өмірімізге қауіп төндіретіні анық. Ертеңгі күні жер сілкініп немесе өрт шығатын болса, басқа үйлерге әсер етеді. Бұған қоса, жаңа көп қабатты үй қозғалысқа бөгеу болып, Абай көшесінің көрінісін жауып қалады", – деп жазады желі қолданушысы.

Самал-2 ықшам ауданының тұрғындары әкімдіктегілер саябақ саламыз деп алдап, орнына көп қабатты үй тұрғызбақшы деп шағымдануда.

"Көлік қоятын орын қалмады. Әкімдікке хат жаздық, бірақ құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бізге құлақ асатын ешкім жоқ. Адамдар барған сайын дүниеқоңызданып кетті. Жер сілкінсе, үйіндінің астында қалатын түріміз бар", – дейді ықшам аудан тұрғыны.



Соңғы құрылыс нысанына қатысты Алматының сәулет басқармасының өкілдері пікір білдірді. Айтуларынша, қазіргі таңда бұл ауданда демонтаж жұмыстары жүргізілуде.

"Көрсетілген аумақта қандай нысан салынатындығы туралы ақпаратпен құрылыс ұйымы рұқсат алуға өтініш бергеннен кейін ғана бөлісе аламыз", – деді басқарма өкілдері.