Блогер қазақстандықтарға Меккеде ақша үшін дұға жасаған: Мұсылмандар басқармасы бұл туралы пікір білдірді

0
907

Блогер желіде Kaspi нөмеріне ақша салып, содан кейін дұғасын жазып жібергендерге қағба алдында тұрып ғибадат жасайтынын айтты.


Блогер қазақстандықтарға Меккеде ақша үшін дұға жасаған: Мұсылмандар басқармасы бұл туралы пікір білдірді

ERNUR.KZ. Блогер Балқия Балтабай қағбаның алдында тұрып, садақа бергендерге дұға жасайтынын мәлімдеді. Оның бұл сөзін желі қолданушылары сынға алып, дінге ақшаны араластырғанына қарсы шықты, деп жазады stan.kz.

Блогер желіде Kaspi нөмеріне ақша салып, содан кейін дұғасын жазып жібергендерге қағба алдында тұрып ғибадат жасайтынын айтты.

“Ауадан ақша жасайтындар ұят қайда”, “Меккеге қайыр сұрауға барды ма?” “Бизнес идеясы аяқ астынан пайда болыпты”, “Ақшаны ойламай, дұға қылса болмай ма екен”, “Әр адам садақаны өзі берсін, біреуден сәлем жолдағандай екен”, – деп жазды желі қолданушылары.

ҚМДБ мұны ұнамсыз әдепке балады.

“Фиқ кітаптарында садақаны алдымен өзіңе жаса, содан кейін жақындарыңа жаса деген. Дінде өз еліңде мұқтаждар бола тұра, басқа елге садақа беруді құп көрмейді, бұл ұнамсыз деп саналады”, – деді ҚМДБ өкілі.

Сондай-ақ мұсылман бауырдың сыртынан дұға жасау жөн екенін айтты.

“Қажылық барысында дұғаның қабыл болу ықтималдылығы көп. Бірақ қабыл болып кетеді деген кепілдік жоқ. Барлығы ықылас-ниетке байланысты. Дұға жария болған кезде рия араласады. Ғибадат жасырын болғаны дұрыс”, – деп мәлімдеді ҚМДБ.

Балқия Балтабай бұл сындарға кейін жауап берді. Блогердің айтуынша, оның сөздері бұрмалануда.

“Анығын біліп алмай, дақпыртып, елге басқа ой салып жариялап жатқандар, рейтинг үшін “атың шықпаса, жер өрте” қылғанша, басқа, маңыздырақ мәселелер қозғаңыздаршы. Бұл садақаға жиналған қаражаттың бір тиыны да менің қалтама түспейді. Жиналған қаражаттың бір бөлігіне сол жердегі мешітке Құран кітаптар кіргізіліп, қалғаны Арыс қаласындағы мешіт пен медресенің құрылысына жіберілді. Бұл мешіт ҚМДБ-ға қарайды”, – деді блогер.