Бөгет салу: Ұлттық ұлан жауынгерлері 1 млн құм толтырған қап дайындаған

0
320

Жалпы, құқық тәртібі әскерлерінің 3 мың жауынгері полицейлермен, құтқарушылармен, еріктілермен бірлесіп су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысуда.


Бөгет салу: Ұлттық ұлан жауынгерлері 1 млн құм толтырған қап дайындаған

ERNUR.KZ. Ұлттық ұлан жауынгерлері Қазақстанның су басқан елді мекендерінде бөгеттер салу үшін 1 млн астам құм толтырылған қап дайындап, төседі, деп жазады inform.kz.

Қазақстанның батыс өңірлерінде су тасқыны жағдайы күрделі екендігі белгілі. Соған байланысты Жайық өзеніндегі су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізілуде, азаматтарды хабардар ету және тиісті құрылымдармен теле және радиоқабылдау әр төрт сағат сайын жүргізілуде.

«Басқа өңірлерден қосымша күштер мен күштік ведомстволардың, оның ішінде ҚР Ұлттық ұланының құралдары тартылуда. Мәселен, 6506-әскери бөлімінің (Шымкент қаласы) 300 әскери қызметшісі және 5547-әскери бөлімі (Қызылорда) жеке құрамының 200 адамы Батыс Қазақстан облысында жағалауды нығайту жұмыстарына, қапшықтарды дайындауға және салуға көмектесуде. Ал Орал қаласындағы 5517-әскери бөлімінің 80 әскери қызметшісі патрульдік-бекеттік қызмет атқаруда. Тағы 300-ге жуық адам су тасқынына қарсы іс-шараларда жергілікті тұрғындарға жәрдем беруде. Жалпы, БҚО-да 18 автокөлікке қоса 900-ге жуық ұландықтар тартылды, сондай-ақ Қазақстанның құқықтық тәртіп әскерлерінің бір тікұшағы жұмылдырылды», - деп хабарлады ведомстводан.
Ұлттық ұланнан түскен мәліметке қарағанда, сарбаздар күндіз-түні су басқан аумақтарда қызмет етеді, эвакуацияланған тұрғындардың үйлерінде мүліктерінің жоғалмауына да қолдарынан келген көмектерін жасауда. Ақтөбе қаласында орналасқан 6655-әскери бөлімінің 400-ден астам әскери қызметшісі "Заречный" және "Кирпичный" шағын аудандарында патрульдік-бекеттік қызмет атқаруда. Қауіпсіздік мақсатында сарбаздар азаматтарды су басқан үйлерге жібермейді. Жеке құрам тонау әрекеттерін болдырмауға да күш салуда. Бұл бағытта 17 техника мен Ұлттық ұланның бір тікұшағы тартылды.
Бұдан бөлек, Атырау облысына 5546-әскери бөлімі (Атырау қ.) және 5451-әскери бөлімі (Қарағанды қ.), сондай-ақ Қостанайдан 6697-әскери бөлімі және Петропавлдан 6637-әскери бөлімінің әскери қызметшілері, ҚР Ұлттық ұланы Петропавл академиясының курсанттары, 570-тен астам ұландықтар тартылды. Оларға елордалық жедел бригада мен авиациялық базадан тәртіп сақшылары көмекке жіберілді. Осы солтүстік аймақтардағы Ұлттық ұланның күштер тобында 400-ден астам адам, 13 автокөлік және бір тікұшақ бар.
Жалпы, құқық тәртібі әскерлерінің 3 мың жауынгері полицейлермен, құтқарушылармен, еріктілермен бірлесіп су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысуда. Ұлттық ұланның 6 әуе кемесін – төрт МИ-171Е тікұшағын және екі Y-8 әскери көлік ұшағын тарту жалғасуда.
Су тасқыны басталғаннан бері 120-дан астам автомобиль техникасы пайдаланылуда. Ұландықтар 1753 адамды эвакуациялады, инертті материалдары бар 1 миллион 53 мыңнан астам қапшықтар дайындады және төседі, сондай-ақ 138 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында 864 сантиметрді көрсеткенін жазған болатынбыз.