Ауыл жастары жеңілдік талаптары бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатыса алады.
ERNUR.KZ. Ауылдық елді мекенде тұратын қазақстандықтар үшін «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша квота сақталады, деп жазады baq.kz.
Сонымен қатар, ауылдық квота бойынша түскен стипендиаттарға кепіл мүлкін ұсыну міндетті емес. Екі кепілгер болса жеткілікті. Кепілгер ретінде соңғы 12 жыл ішінде тұрақты табысы бар, ҚР-ның 50 жасқа дейінгі азаматы бола алады.
Өңірлерге жұмыс істеуге баратын түлектер үшін еңбекпен өтеу мерзімі қысқартылды. Олар 5 жылдың орнына 3 жыл өтейтін болады. Біз бұл шара өңірлерге барып, ауылды жұмыс істейтін болашақшылардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз, - деп атап өтті Айнұр Кәрібозова.
2020 жылдан бастап құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процесі толығымен автоматтандырылды. Бұл конкурстық іріктеудің ашық өтуін қамтамасыз етті. Үміткерлер еGOV мемлекеттік қызметтер порталы арқылы өтінім береді және өңірден шықпай-ақ, порталдағы онлайн іріктеудің барлық кезеңдерінен өтеді.
Биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау 4 мамырда басталып 28 қазанға дейін жалғасатынын ескертеміз.
2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1055 стипендия бөлінді. Олардың ішінен 555 стипендия магистратура, резидентура және докторантура бағдарламасы бойынша бөлінген. 500 стипендия жаңа «Ғалымдар» санаты бойынша тағайындалады. Бұл санат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғалымдардың тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік беру мақсатында бекітілді.
«Болашақ» бағдарламасының шарты бойынша мемлекет студенттерге оқу шығындарын, ұшып бару мен қайту билеттерін, сондай-ақ виза алымдарын, медициналық сақтандыруды, ай сайынғы стипендия және оқу материалдарын сатып алуға жәрдемақы төлейді. Стипендия мөлшері қаланың және сол елдің өмір сүру деңгейіне қарай өзгереді. Мәселен, Нью-Йорк пен Лондонда ай сайынғы стипендия 2 мың АҚШ долларынан асады.