Ең көп борышкерлері бар аймақтарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
ERNUR.KZ. Жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңнама дайындалғаннан бастап Қаржы министрлігінің қызметкерлері өңірлерді аралап, ең көп борышкерлері бар аймақтарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен сараптамалық кездесуде ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Спикердің айтуынша, борышкерлер көп орналасқан аймақтарға Алматы қаласы, Алматы облысы, Астана қаласы, Түркістан облысы және ШҚО кіреді. Оның ішінде борышкерлердің 1/5-і Алматы қаласында шоғырланған.
«Заңнаманы түсіндіру жұмыстарын осы өңірлерден бастап, азаматтармен кездестік. Заңның әр тетігін түсіндірдік. Келіп түскен ұсыныстардың көбі құжатты дайындау барысында ескерілді. Қазіргі таңда заңнама күшіне енсе де, іске асыруға байланысты әлі де көп сұрақ туындап жатыр. Айта кетейік, заңнама мәселені толықтай шешпейді. Заңнама құрал ретінде қабылданды. Ол панацея емес», - деді спикер.
Оның мәліметінше, жыл басынан бері түсіндіру жұмыстары аясында 15 мыңнан астам адам түрлі сұрақпен жүгінді.
«Шараларды жүзеге асыру барысында заңға енгізуге болатын кейбір жақсы ұсыныстар болуы мүмкін. Борышкерлер бұл процедураны еш кедергісіз, қиындықсыз пайдалануы үшін халықтың пікірін ескеретін боламыз», – деді Е.Біржанов.