Бозымбаев 740 мың адамды газбен қамтитын жобаны атады

0
1 083

4 газ тарату желісін салу үшін 84,7 млрд теңге бөлу ұсынылды.


Бозымбаев 740 мың адамды газбен қамтитын жобаны атады

ERNUR.KZ. Газбен қамту жобаларын іске асыру нәтижесінде еліміздегі шамамен 740 мың тұрғын көгілдір отынмен қамтылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезінде айтқан тапсырмасын орындау мақсатында, министрлік тарапынан өңірлердегі бірқатар жобалардың құрылысын жандандыруға ұсыныстар әзірленді. Осы орайда, біздің ұсыныстарымыз бойынша 2019-2025 жылдарға қосымша 187 млрд теңге талап етіледі. Соның ішінде, 2019-2021 жылдарға 55 млрд теңге қаралуы тиіс», - деді Қ.Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, 4 газ тарату желісін салу үшін 84,7 млрд теңге бөлу ұсынылады. Оның ішінде Астананың газ инфрақұрылымын салуға 44,4 млрд бағытталады. Бұл жоба нәтижесінде 370 мың адам газбен қамтылады.

«Сонымен қатар, бірнеше газ желісінің құрылысын қолдауды сұраймыз. Атап айтсақ, Қарағанды облысында, яғни Қарағанды, Теміртау, Жезқазған және қосымша 5 елдімекенге 28,7 млрд теңге қажет. Бұл жоба 270 мың адамды қамтиды. Ал, Ақмола облысында 10 млрд теңгеге 100 мың адам көгілдір отынға қол жеткізеді. «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу барысында аталған жобаларды да іске асыру өте маңызды. Жалпы, газбен қамту жобаларын іске асыру нәтижесінде еліміздің шамамен 740 мың тұрғыны газбен қамтылатын болады», - деді ол.