Браконьерлердің қолынан зардап шеккен қорықшы ауруханадан шықты

0
1 028

Екі инспекторға қарсы оқ атылып, соның салдарынан 1976 жылғы инспектор көз жұмды, ал, оның 1975 жылғы әріптесі жараланып, Жарқайың аудандық аурханаға жатқызылған еді.


Браконьерлердің қолынан зардап шеккен қорықшы ауруханадан шықты

ERNUR.KZ. Браконьерлердің қолынан зардап шеккен «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы Самат Оспанов ауруханадан сауығып шықты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Жарасы жазылды. Солжақ қолы мен иығын толық қозғалта алады. Одан әрі станционарлық көмекті қажет етпейді. Тек тұрғылықты мекенжайы бойынша емханадағы хирургке көрініп тұрады», - дейді Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Дмитрий Чайков.

Науқас пен оның әйелі облыстық көпбейінді аурухана, Жарқайың аудандық ауруханасының, сондай-ақ, санавиация қызметінің дәрігерлері мен мамандарына алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, 23-ші шілдеде шамамен сағат 11.00-де «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарға қарсы киік ату фактісін анықтайды. Заң бұзушылардың ізіне түскен екі инспекторға қарсы оқ атылып, соның салдарынан 1976 жылғы инспектор көз жұмды, ал, оның 1975 жылғы әріптесі жараланып, Жарқайың аудандық аурханаға жатқызылған еді.

Қайтыс болған қорықшының артында төрт баласы – үш қызы мен бір ұлы қалды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің қолынан қаза болған «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы Қаныш Нұртазиновтың отбасына көңіл айтты.

Осы қылмысқа байланысты арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, күдіктілерді ұстау бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Күдіктілерді ұстауға Жарқайың, Есіл және Жақсы аудандарының полиция бөлімінің жеке құрамы тартылды. Патрульдік қызмет нарядынан күдіктілердің көлігіне тұспалдау берілді. Жарқайың және көрші аудандардың аумағында 10 блок бекет қойылған болатын.

Артынша, бұл істі ҚР Ішкі істер министрі мен Ақмола облыстық ПД басшысы өз бақылауына алды. Сонымен қатар, аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 99 бабының 1 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Жедел іздестіру шарасы барысында күдіктілер Арқалық қаласының 45 жастағы тұрғыны мен оның 20 жастағы баласы ұсталды.

Кейін осы оқиғадан қаза тапқан «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Қаныш Серікұлы Нұртазиновқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған мемлекеттік награда - қызмет бабында ерен ерлігі мен жанқиярлығы үшін I дәрежелі «Айбын» ордені, ал, оның әріптесі Самат Оспановқа ІI дәрежелі «Айбын» ордені тапсырылды.