Биыл мемлекеттігіміздің символдарының қабылданғанына 30 жыл толып отыр.
ERNUR.KZ. Бүгін - Мемлекеттік рәміздер күні. Биыл мемлекеттігіміздің символдарының қабылданғанына 30 жыл толып отыр, деп жазады inform.kz.
1992 жылдың басында мемлекеттік үш нышан - Ту, Елтаңба және Әнұранымызды таңдау үшін Жоғарғы кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнаулы шығармашылық комиссия тағайындады. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин, Серік Әбдрахманов және тағы басқа қайраткерлер кірді. Осыдан кейін бүкіл Қазақстан көлемінде Елтаңба, Ту, Әнұран нұсқаларына конкурс жарияланды. Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты. Эстетикалық сипатымен де, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі бойынша да үздік туынды ұсынған байқау жеңімпаздарын қазір халық мемлекеттік нышан авторлары ретінде таниды. Олар: Ту авторы - Шәкен Ниязбеков. Елтаңба авторлары - Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.
Сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әнұран авторлары ретінде - әуенін жазған Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің есімі тарихта қалды. Үздік мәтінге жарияланған байқауда Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты. Кейін, яғни, 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Таңдау ел арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әніне түскен еді. 1956 жылы сазгер Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық тандемінен шыққан туындының бастапқы мәтінін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңдеді. 2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Парламенті жаңа мемлекеттік гимнін бекітті. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. 2007 жылы 4 маусымда қабылданып, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.