Бұл әлем халқын Бурабайға назар аудартып ғана қоймай, көрікті өлкеге туристердің көптеп келуіне зор септігін тигізбек.
ERNUR.KZ.Бұл әлем халқын Бурабайға назар аудартып ғана қоймай, көрікті өлкеге туристердің көптеп келуіне зор септігін тигізбек. Мәселен, былтыр Қазақстанның Швейцариясын 800 мыңнан астам адам тамашаласа, биыл бұл көрсеткіш 900 мыңнан асады дейді екен. Себебі Бурабайды әлемге таныту бағытында жасалып жатқан жұмыстар қазір өз жемісін бере бастады, деп жазады 24.kz.
Ресейлік Елена Крейцберг Бурабайдың әсем табиғатына осыдан 35 жыл бұрын бір көргеннен ғашық болған. Содан бері бұл өлкеге жиі келіп тұруға тырысады. Ал биыл Елена Бурабайға алғаш рет келген құрбыларына жол көрсетіп жүр.
Елена Крейцберг, турист /Ресей/:
- Мен ең бірінші рет мұнда 1983 жылы студент кезімде келдім. Мені сол кезде Бурабайдың тамаша табиғаты еріксіз баурап алды. Содан бері міне қандай сиқыры бар екенін қайдам, жаз шықса болды осында келгім келеді де тұрады.
Иә, Бурабайға көбінесе осындай тұрақты туристер көптеп келеді. Алайда бұрын-соңды бұл жерді көрмеген, естіп-білмеген адамдарды қалай тартуға болады? Бүгінде осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Әлеуметтік желілерде «VizitAqmola», «VizitBurabay» секілді хэштегтер көбейсе, жергілікті жерде көптеген халықаралық іс-шаралар өткізіліп келеді.
Талғат Жәмпейісов, облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Бурабай курортты аймағын одан әрі таныта түсуге қазір бизнес құрылымдары да қосылды. Мәселен, жақында ғана Бурабаймен аттас бөтелкеге құйылған су өндіріле бастады. Одан бөлек, туризм нысандары курортты өлкеден хабар беретін көрнекілік ақпараттарды көбейтіп жатыр. Ал біз Бурабайды әлеуметтік желілерде танытуға көп барынша күш салып жатырмыз.
Ал Бурабайға ЮНЕСКО не береді? Егер курортты аймақ аталған ұйымның геопарктер тізіміне қосылса, олар аңыз өлке жайлы мәліметтерді жинақтап, оның әлемдік аренада қолжетімді болуын қамтамасыз етпек. Бұдан бөлек табиғатының қорғалуына, туризмінің түрленуіне және ең бастысы дүние жүзіне танымал болуына жағдай жасайды.
Талғат Жәмпейісов, облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз қазір ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтеріне тапсыратын құжаттарды дайындап жатырмыз. 30 қарашаға дейін қағаздарды оларға өткізуіміз керек. Ал келесі жылы ол жақтан арнайы комиссия келеді. Сонан соң барып шешім шығады. Егер Бурабай ғаламдық геопарк атанса, бұл, біріншіден, өте үлкен маңызды мәртебе. Ал бұл шетелдік туристерді қызықтырмай қоймайды. Бұл үшін қазір Бурабайда барлық жағдай жасалып жатыр. Жолдар жөнделіп, велосипед жолы салынуда. Жаңа нысандар да бой көтеріп келеді. Жалпы бүгінде Бурабайда күніне 12 мың адам демала алатын 150 қонақүй бар. Одан бөлек табиғат аясындағы шағын демалыс орындары да жетерлік.