Бюджетте АЭС салуға қаражат қарастырылмаған – вице-министр

0
479

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір жылдың ішінде қауіпсіз атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін жан-жақты зерделеп шығуды тапсырған болатын.


Бюджетте АЭС салуға қаражат қарастырылмаған – вице-министр

ERNUR.KZ. Үш жылдық бюджетте атом электр станциясын салуға қаражат қарастырылмаған. Бұл туралы энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев айтты, деп жазады sputnik.kz.

"Атом электр станциясының құрылысына қажетті қаражат енгізілді ме, жоқ па деген сұраққа келетін болсақ, республикалық бюджеттің жобасында ол ақша қарастырылмаған", - деді Қарағаев мәжілісте үш жылдық бюджетті таныстыру кезінде.

Оның айтуынша, үкімет қауіпсіз экологиялық атом энергетикасын дамытуды жан-жақты зерделеуге тапсырма берді. 2022 жылдың қыркүйек айына дейін тиісті ұсыныс әзірленуге тиіс. Қазіргі кезде атом электр станциясын салу мәселесі зерделеніп жатыр.

Айта кетері, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір жылдың ішінде қауіпсіз атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін жан-жақты зерделеп шығуды тапсырған болатын.

"2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергияcы тапшылығы болады. Ал әлемдік тәжірибеге сәйкес, тиімді шешім бар. Ол – бейбіт атом. Иә, оңай шаруа емес. Сондықтан осы мәселені ұтымды шеше білуіміз керек, сан алуан болжам мен эмоцияға жол бермейік. Бір жыл ішінде үкімет пен "Самұрық-Қазына" елімізде қауіпсіз және экологиялық атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеп шығуға тиіс", - деді Тоқаев жыл сайынғы жолдауда.

Осы орайда мемлекет басшысы атом энергетикасы саласында жұмыс істейтін кәсіби мамандарды даярлау мәселесіне де баса назар аударды. Онсыз бейбіт атомды дамыту қиынға соғады.