Далада түнеген: Қызылорда облысында жоғалып кеткен әкесі мен баласы табылды

0
721

Екі күн бұрын Жалағаш ауданына қарасты Аққыр ауылы аумағында екі адам жоғалып кеткен. Оның бірі 1981 жылы туған азамат болса, екіншісі - оның 9-10 жастағы баласы.


Далада түнеген: Қызылорда облысында жоғалып кеткен әкесі мен баласы табылды

ERNUR.KZ. Қызылорда облысында екі күн бұрын елсіз далада жоғалып кеткен әкесі мен баласы аман-есен табылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Еске салсақ, екі күн бұрын Жалағаш ауданына қарасты Аққыр ауылы аумағында екі адам жоғалып кеткен. Оның бірі 1981 жылы туған азамат болса, екіншісі - оның 9-10 жастағы баласы.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы мамандары оқиға орнына жетіп, іздестіру жұмыстарын бастап кеткен болатын.

Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепованың хабаралуынша, құтқарушылар елсіз далада адасып кеткен азаматтарды Аққырдан 45 шақырым қашықтықтан тапты.

Мәлім болғанындай, олар ауылға азық-түлік алуға келген. Одан кейін 80 шақырым қашықтықта жатқан Түгіскен учаскесіндегі шаруашылығына бет алған.

«Жолда жаңбыр аралас қар жауған. Осылайша олар ауа райының қолайсыз болуынан межелі жерден адасып кеткен. Салдарынан 16-17 қараша күндері далада ықтасын орындарға қонуға мәжбүр болған», - деді жедел құтқару жасағының басшысы Данышбай Есемұратов.

Құтқарушылар адасқан адамдарды бүгін, 18 қарашада сағат 13.50-де Текей деген аумақтан тауып алған. Мамандар олардың жүрген жолдарын барлай отырып іздестіру жүргізген.