"Дәлізде еденде де жатыр": Желіде Ақтаудағы ауруханадан түсірілген видео жарияланды

0
939

Бұл видеоны желіге елді қорқыту үшін емес, қауіпсіздікті сақтау мақсатында жариялағаны атап өтіледі.


ERNUR.KZ. Маңғыстау облыстық коммуникация орталығында Ақтаудағы провизорлық госпитальдан түсірілген видео көрсетілді. Алдында бұл видео желіге жүктеліп, кейіннен ол жойылды, деп жазады zakon.kz.


Видеода науқастар дәлізде, тіпті бұрын қойма болған бөлмеде де жатыр. Мәселен, дәлізде еденге төселген матраста тақия киген бір қария жатыр. Ауруханада орын тапшы екені анық аңғарылады.

- Құрметті маңғыстаулықтар, өңірде уақытша ашылған жұқпалы аурулар орталықтарына түскен науқастардың саны күн сайын артып келеді. Бұл видео кеше Ақтау қаласындағы уақытша стационардан науқастарды қабылдау кезінде түсірілген. Видеодан көрініп тұрғандай, науқастарға орын жетіспей жатыр. Қазіргі уақытта науқастар жаңадан ашылған уақытша ауруханаларға орналастырылып жатыр. Өз кезегінде аурухана барлық қажетті медициналық құрылғылармен жабдықталған. Денсаулық сақтау басқармасы және облыстың барлық медициналық қызметкерлері барлық тиісті шараларды қабылдауда, - делінген видео сипаттамасында.

Сонымен бірге, олар бұл видеоны желіге елді қорқыту үшін емес, қауіпсіздікті сақтау мақсатында жариялағандарын атап өтті.

- Қазір барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтау өте маңызды. Мүмкіндігінше оқшауланып, үйде болғаныңыз жақсы, көп адаммен отбасылық шараларға қатыспаңыз: той мен жерлеу рәсімдері деген секілді. Барлық жерде бетперде кию керек және үнемі антисептик алып жүріңіз. Ауырмаңыздар, сақ болыңыздар! - делінеді видеода.