Даниял Ахметов: Бірінші кезекті қала басшылығының қателігі

0
1 377

Облыс әкімі Даниал Ахметов Өскеменнің қарғын судан зардап шеккен бірнеше ауданындағы жұмыстарға осындай баға берді. Аймақ басшысы арнайы сапары барысында осыдан бір апта бұрын су астында қалған Сәтпаев даңғылында болып, мұндағы жұмыстардың барысымен танысты,-деп хабарлайды altaynews.kz.


Даниял Ахметов: Бірінші кезекті қала басшылығының қателігі

фото: altaynews.kz

Облыс әкімі Даниал Ахметов Өскеменнің қарғын судан зардап шеккен бірнеше ауданындағы жұмыстарға осындай баға берді. Аймақ басшысы арнайы сапары барысында осыдан бір апта бұрын су астында қалған Сәтпаев даңғылында болып, мұндағы жұмыстардың барысымен танысты,-деп хабарлайды altaynews.kz.

Естеріңізге салайық, наурыз айының 10-12 күндері аралығында толастамай жауған жаңбырдың салдарынан шаһардағы орталық даңғылдардың бірі саналатын Сәтпаев даңғылын қызыл су басып, нәтижесінде қала орталығы мен Жібек маталар комбинаты ықшамауданы арасындағы көлік қатынасы қиындаған болатын. Осындай жағдайдың қалыптасуына байланысты қала басшылығы даңғылды жабуды ұйғарып, көліктер айналма жолмен, яғни Самар тас жолы арқылы жүруге мәжбүр болған. Өткен аптаның басында облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатаң сынына ұшырағаннан кейін даңғыл бойындағы апаттың салдарын жою жұмыстары күшейтіліп, көп ұзамай өз нәтижесін бере бастады.

Атап айтқанда, осы аралықта атқарылған ең негізгі шаруа Шешек асуынан ағатын Шешек өзенінің арнасын тазарту жұмыстары болғаны рас. Қала басшылығы мен коммуналдық қызмет мамандары қолда бар техниканың бәрін жұмылдырып, айналдырған төрт күннің ішінде жүздеген метрді құрайтын шағын өзен арнасын мұз қалдықтары мен қоқыстан тазартып, асудың бөктеріне қар ұстайтын бөгеттер тұрғызылған. Бұған қоса Шешектен Маркс пен Сәтпаев даңғылдарының қиылысына дейінгі аралыққа жерасты құбырлары орнатылып, өзен суының еш кедергісіз Ертіске құйылуына жағдай жасалған. Тіптен, Жібек маталар комбинаты ықшамауданы арқылы ағып өткен Шешек өзені бағытынан жаңылмауы үшін құрылысшылар тағы 1 330 метр ор қазып қойыпты. Енді Сәтпаев даңғылын су басу қаупі сейілгендей. Мұны жұмыс қарқынымен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов те айтты.

– Негізі, бұл шаруыны былтырғы жаз-күз айларында тындырып тастауларыңыз керек болатын. Сол кезде менің тапсырмаларымды орындасаңыздар, ешқандай төтенше жағдай орын алмас еді. Алайда, сіздер болар іс болғаннан кейін ғана қимылдай бастадыңыздар. Бұл әрине, бәріңізге сын. Бірінші кезекті қала басшылығының қателігі. Жалпы, қалада тындырылатын шаруа әлі де көп. Енді осындай жұмысты үлкенді-кішілі өзендердің барлығында жүргізу керек. Әйтпесе, жаңбыр жауған сайын, бұл проблема алдымыздан кесе-көлденеңнен шыға бермек. Мысал ретінде өткенде Красин кентінде туындаған жағдайды келтіруге болады. Жалпы, мұндай мәселелерді облыс әкімінің араласуын күтіп отырмай, өздеріңіз шешіп тастауларыңыз керек. Мен оқиға орнына барған кезде қауырт жұмыс істеп жатқандай кейіп танытудың еш қажеті жоқ, – деді облыс әкімі

фото: altaynews.kz