Дәрігерлерге пайызсыз несие беріліп жатыр

0
1 454

Бастапқы жарнаға жергілікті билік арнайы сертификат берсе, емдеу мекемелері пайызсыз несиемен қамтамасыз етеді.


Дәрігерлерге пайызсыз несие беріліп жатыр

ERNUR.KZ. Елімізде баспанадан таршылық көріп жүрген көптеген жастардың мәселесі «7-20-25» бағдарламасы арқылы шешіліп жатыр. Ертіс өңірінде пәтер алуға ниет білдіргендерге жұмыс беруші тараппен қатар жергілікті атқарушы билік те қолдау көрсетуде, деп жазады 24.kz.

Мемлекет басшысы «7-20-25» бағдарламасының тиісті деңгейде орындалмай отырғанын сынға алған болатын. Бұл Ертіс өңірінің дәрігерлеріне қамшы болып тиді. Өйткені баспанасыз жүрген мамандар өте көп. Әдетте, пәтер алуға бастапқы жарнаның жоқтығы қолбайлау болып жатады. Осыны ескерген медицина ұйымдары өз қызметкерлеріне қаржыны пайызсыз беруге шешім қабылдапты.

Әділ Дүржанов, облыстық кардиологиялық орталықтың директоры: - Бұл бюджет қаржысы емес, біздің ақылы қызмет түрлерінен тауып отырған кірісіміз. Әрине оның бәрі бақылау кеңесінің келісімі бойынша белгілі бір мерзімге, қызметкерге салмақ салмайтындай етіп беріледі. Банктік несиемен аталған соманы төлеу жағы қолайлы болуын қарастырамыз. Бұл бастапқы жарнаның 10 пайызын жабу үшін берілетін қаржы. Қалғанын қайтарымсыз көмек ретінде жергілікті атқарушы билік сертификат түрінде табыстайды. Осылайша баспана мәселесі оң шешімін таппақ.

Марат Жанбосыновтың облыстық кардиологиялық орталықта қызмет атқарғанына он жыл болыпты. Құжаттарын жинап, банкке тапсырған дәрігер қоныс тойын тойлайтын күннің алыс еместігін айтады.

Марат Жанбосынов, облыстық кардиологиялық орталықтың ординаторы: - Бағдарлама бойынша «7-20-25» баспана мәселесін шешіп отырмыз. Пайызсыз ссуда жұмыс істеп жатқан жерімізден алып жатырмыз кардиоцентрден. Енді қалған 10 пайыз сертификат күтіп отырмыз.

Үйді таңдап алдық, ұнаған пәтер, ұнаған шаршы метрлер. Әзірге «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспана алуға жиырма дәрігер ниет білдірген. Олардың жартысы пәтер алу үшін жуық арада банктен несие рәсімдейді.

«7-20-25» бағдарламасына Павлодар облысы бойынша көптеген медициналық ұйымдар қатысып жатыр. Бастапқы жарнаға жергілікті билік арнайы сертификат берсе, емдеу мекемелері пайызсыз несиемен қамтамасыз етеді. Бұл бастамаға басқа салалар да үн қосады деген сенім бар.