​«Дарын» мемлекеттік сыйлығының мөлшері 3 есеге артты

0
1 345

ҚР Ұлттық кітапханасында ҚР Қоғамдық даму министрі ҚР Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығын тағайындау жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы болып өтті.


​«Дарын» мемлекеттік сыйлығының мөлшері 3 есеге артты

ERNUR.KZ. ҚР Ұлттық кітапханасында ҚР Қоғамдық даму министрі ҚР Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығын тағайындау жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы болып өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

Комиссия жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мәдениет және өнер қайраткерлері, мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдары, азаматтық сектор өкілдері қатысты. Отырысты ашқан ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев 2018 жылы «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының мөлшері 3 есеге артып, әр номинация бойынша 600 мың теңге үлестірілетін жеткізді.

Ұсынылған үміткерлерді қарастырған комиссия мүшелері 2018 жылғы «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын анықтады. Сыйлықақыны беру туралы шешім оны Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған сәттен бастап күшіне енеді және жеңімпаздар ағымдағы жылдың желтоқсан айында өтетін салтанатты рәсім барысында марапатталатын болады. Биылғы жылы айтулы марапатқа өтінім білдіргендердің саны рекордтық межеге жетті, нақтырақ айтқанда 301 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 271 өтінім қабылданып, қаралды.

Номинациялар бойынша келіп түскен өтініштер саны келесідей: «Театр және кино» - 41, «Журналистика» - 15, «Әдебиет» - 18, «Спорт» - 37, «Эстрада» - 21, «Классикалық музыка» - 17, «Халық шығармашылығы» - 20, «Дизайн және бейнелеу өнері» - 17, «Ғылым» - 48, «Қоғамдық қызмет» - 37 өтініш. 2016 жылы-126, 2017 жылы- 213 өтінім келіп түскен. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, Олимпиада чемпионы, Дарын сыйлығы бойынша комиссияның «Спорт» секциясының жетекшісі Серік Сәпиевтің пайымдауынша, аталған сыйлық Қазақстан жастарын қоғам мен мемлекеттің игілігі жолында жаңа жеңістер мен жетістіктерге жігерлендіреді.

«Мен өзім «Дарын» сыйлығының лауреаты болдым. Аталған сыйлықты алғандар үшін ғана емес, сонымен қатар сыйлыққа ұсынылғандарға да үлкен шабыт береді. Жастар өздерінің қатарластарының жетістіктерге жетіп, сыйлыққа ие болып жатқандарын көріп, оларда белгілі бір нәтижеге жету жолында күш-жігерлерін салатын болады», - деді Серік Сапиев.

БҰҰ Жас көшбасшылар қауымдастығының мүшесі, «CentrAsia Group» холдингінің бас директоры, комиссия мүшесі Олжас Сүлейменовтің айтуынша, «Дарын» сыйлығының деңгейі жыл сайын артып келеді.

«Бүгінгі комиссия жұмысын өте қарқынды, ашық пікірталас түрінде өтті деп айтуға болады. Барлық үміткерлер лайықты. Біздің елімізде әртүрлі салаларда және әрқайсысы өз салалары бойынша табысты болған көптеген жастар бар екендігін мақтан тұтамын. Комиссияның мүшесі болу үлкен құрмет. Менің ойымша, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының деңгейі жыл сайын артып келеді», - деді О.Сүлейменов.

Естеріңізге сала кетейік, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын жастардың ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктеріне қолдау көрсету мақсатында табысталады. «Дарын» сыйлығының жеңімпаздарына Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі және олар дипломмен, төсбелгілермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.