Депутатқа қаржы министрінің баяндамасы ұнамай қалды

0
749

​Оның пікірінше, баяндама түсінікті тілде жазылуға тиіс.


Депутатқа қаржы министрінің баяндамасы ұнамай қалды

ERNUR.KZ. Мәжілістің Үкімет сағатында депутат Дархан Мыңбайға қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың баяндамасы ұнамай қалды, деп жазады inbusiness.kz.

Дархан Мыңбай министрдің баяндамасын түсіну қиын екенін, онда кейбір сөздер орысшадан қазақшаға сөзбе-сөз аударылғанын атап өтті.

"Цифрландыру кезінде мемлекеттік тілдің жағдайын да ескеру керек. Сіз өзіңіздің презентацияңызда "адамдық бағдар" деп жазыпсыз. Енді басқа қандай бағдар болуы мүмкін? Адамдық емес бағдар бола ма? Сөздерді түсіну қиын, калька аударма. Ерұлан Кенжебекұлы, сіз – мемлекеттік тілді меңгерген азаматсыз. Мәтінді ұғымды, жұрт естіген кезде түсінікті ғып аударуға көңіл бөлсеңіз. Мысалы, әкімшілендіру деген сөздің орнына басқа сөзді қолдануға болады. Оның "административное" екенін білеміз", - деді депутат.

Оның айтуынша, жоғары білімді адамдардың өзі "қашықтан әкімшілендіру" сөзінің мәнін түсіне бермейді. Сондықтан баяндаманы халыққа түсінікті тілде жазу керек.

" ...Менің ойымша, мұның бәрін сіздер мемлекеттік тұрғыдан бақылап отыруларыңыз керек. Жұрт цифрлық трансформациядан қиналып жүргенде оларды одан әрі үркітудің қажеті жоқ деп санаймын. Мысалы, адалдықты ынталандыру деп жазылыпты. Ынталандыру деп жазылса да түсінікті ғой. Болашақта осыған назар аударсаңыз", - деді Дархан Мыңбай.

Қаржы министрі депутаттың сыны орынды екенін атап өтті.

"Дархан Қамзабекұлы, ұсыныңызды қабылдадым. Себебі, дұрыс айттыңыз. Цифрдың тілі оңай емес. Ол инновация мен техниканың тілі ғой. Сіз "адамдық бағдар" деп айттыңыз. Оның орысшасы "человекоцентричность". Оны қазақшаға аудару оңай емес... Әрине, біз бұл мәселені бақылауда ұстаймыз", - деп түйіндеді сөзін Ерұлан Жамаубаев.