Джордж Вашингтонның қаруын Қазақстанға алып келмек болған қылмыстық топ ұсталды

0
1 043

Тәркіленген жәдігерлердің жалпы құны 3 миллион АҚШ долларын құрайды


Джордж Вашингтонның қаруын Қазақстанға алып келмек болған қылмыстық топ ұсталды

ERNUR.KZ. Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ 3 миллион АҚШ долларына бағаланған құнды жәдігерлерді контрабандалық жолмен елге әкелген, деп жазады almaty.tv.

Аса құнды жәдігерлер қатарында, АҚШ-тың бірінші президенті Джордж Вашингтон мен генерал Роберт Эдвард Лиге тиесілі қару, Осман империясы кезіндегі қанжар мен қылыш, қос «Фаберже» жұмыртқасы және 100 шақты картина табылған. Сондай-ақ, салмағы 42 келі, ал жалпы соммасы шамамен 1,5 миллион АҚШ доллары тұратын зергерлік бұйым да тәркіленді. Аталған оқиғаға қатысты биыл сот шешімі шығып, ұйымдасқан топтың мүшелері 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.

«Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің өндірісіндегі іс өз мәресіне жетті. Сотқа дейінгі тергеу кезінде ұйымдасқан қылмыстық топқа бірнеше бап бойынша айып тағылды. Қылмыстық кодекстің «заңсыз кәсіпкерлік», яғни 214-ші бабының 1-тармағы бойынша, «экономикалық контрабанда», 234-баптың 3-тармағы және «қылмыстық топты басқару» 262-бабының бірнеше тармағы бойынша тергеу жүргізілді. Ұйымдасқан қылмыстық топ өз пайдаларын ойлап, елге зергерлік бұйым, қолданбалы өнер, артефактілерді контрабандалық жолмен елге өткізген», – дейді Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жандар ИБРАГИМОВ.