Егде жастағы анасын самокатпен ұрған: алматылық отбасы жағдайды түсіндірді

0
798

​Зейнеткер үйіндегілердің өзіне жақсы қарайтынын айтқанымен, желі қолданушылары егде жастағы әйелдің жағдайына алаңдаулы.


Егде жастағы анасын самокатпен ұрған: алматылық отбасы жағдайды түсіндірді

Иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Желіде әйелдің егде жастағы анасын самокатпен ұрған видеосы тарады. Соған байланысты қазақстандықтар зейнеткердің жағдайына алаңдаушылық танытты, деп жазады sputniknews.kz.




Видеоға қатысты Қазақстанның тұңғыш президентінің қызы Әлия Назарбаева да Іnstagram желісіндегі парақшасында пікір білдірді.

"Қауқарсыздыққа жауыздықты, үлкендерге құрметсіздікті, жүрексіздікті көру ауыр, қиын. Ең сұмдығы бұның бәрін осындай үлкендердің жанында өмір сүріп жатқан балалар көреді. Егер сіз осындай жағдайдың куәсі болсаңыз, өтіп кетпеңіз, араласыңыз. Зұлымдықтың жеңуіне жол бермеңіз. Болашақ үшін әрекет етіңіз", – деп жазды Назарбаева.

Егде жастағы әйел Алматының Алатау ауданында үлкен қызымен бірге тұрады. "31 арна" журналистері видеода әйелді кіші қызының ұрғанын анықтады.

"Әжейдің жасы 75-те екен. Денсаулығы жақсы. Үлкен қызының қолында тұрып жатыр. Кіші қызының айтуынша, анасы үйге барғысы келмей, мас ер адамның жанында отырған. Алайда мұның анасын ұруға себеп бола алмайтынын түсіндірдім. Ол кешірім сұрады. Үлкен қызы сіңілісінің екінші топтағы мүгедек екенін, кейде түсініспеушілік болатынын да жасырмады", – деп жазды Әлібек Шынтемір.

Ал зейнеткер үйінде өзіне жақсы қарайтынын, ешқандай жанжал жоқ екенін жеткізді.

"Менде бәрі жақсы", – дейді Бәтима Сыдықова.

Алайда қазақстандықтар әлеуметтік желіде зейнеткер үшін алаңдап отыр.

"Видеода жұпыны киіммен жүрген еді, қазір сәнді киім кигізіп қойыпты. Қатыгез қыздары анасын бағаламайды", "Анасын ол жерден алып кету керек", "Оны қорқытып қойған болуы да мүмкін, мұны осы күйінде қалдыруға болмайды, үнемі жағдайды бақылап отыру қажет" деп жазды желі қолданушылары.

Ал учаскелік полиция пункті жағдайға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін, егде жастағы әйелдің шағымы мен дене жарақаты жоқ екенін мәлімдеді.