Оқиға 2019 жылдың қыркүйегінде Алматы қаласында болған.
ERNUR.KZ. Алматыда кісі өлімімен аяқталған жол апатына кінәлі 59 жастағы әйел сотталды. Ол жол жүру ережесін өрескел бұзып, екі көлік соқтығысқан. Жол апаты салдарынан екі жаяу жүргінші қайтыс болған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жол апаты 2019 жылы 15 қыркүйекте Алматы қаласының Бостандық ауданында болған. Toyota Land Cruiser Prado көлігін тізгіндеген әйел «жол беріңіз» деген белгіні елемей, бұрылып кеткен. Қарсы бағытта келе жатқан Lexus GX-300 автокөлігі дер кезінде тоқтай алмай, жол талғамайтын көлікті соққан. Көліктің бірі сол екпінмен Розыбакиев көшесінің бойында тұрған төрт жаяу жүргіншіні қаққан.
«Сот тергеуінде белгілі болғандай, жаяу жүргіншінің бірі – 1992 жылы туған К. есімді азамат жарақаттан оқиға орнында қайтыс болды. Екінші жаяу жүргінші – 1994 жылы туған А. есімді азамат ауруханада көз жұмады. Басқа зардап шеккендер медициналық мекемелердің бірінде ұзақ уақыт ем алған», - дейді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.
Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша жүргізілді. Тергеу мен сараптамалық зерттеулер күдікті С.Таникееваның кінәсін дәлелдеді. Алматы қаласының Бостандық аудандық соты әйелді адам екі адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы үшін кінәлі деп таныды. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды.