Екі қазақстандық құлдықтан босатылды

0
653

Спикердің сөзінше, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары Павлодар облысында да еңбекке мәжбүрлеп тартудың жолын кескен.


Екі қазақстандық құлдықтан босатылды

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов Абай және Павлодар өңірлерінде адамды құлдыққа жегу фактілері тіркелгенін мәлім етті, деп жазады inform.kz.

«Абай облысында полицияға 1973 жылы туған, психикалық ауытқуы бар ағасының із-түзсіз жоғалып кеткені туралы арыз түсті. Сол мәліметті тексеру кезінде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері екі адамды ұстады. Олар жәбірленушінің байланыс құралын тартып алып, өзін алдап-сулап Семейден алып шыққан. Қаладан 200 шақырым жердегі шаруа қожалықта еңбекке салған.
Ер адамды ол жерде 3 апта бойы еркінен тыс ұстаған және үй шаруасына жеккен. Бұл дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 128-бабы бойынша тіркелді. Зардап шеккен адам туысқандарына қайтарылды», - деді департамент бастығы.

Спикердің сөзінше, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары Павлодар облысында да еңбекке мәжбүрлеп тартудың жолын кескен.

«1987 жылы туған ер адамды күш қолданамыз деп қорқытып, жақындағы елді мекеннен 60 шақырым жердегі аңшы үйіне алып кеткен. Оның мойнына қарыз іліп, екі жыл бойы еңбегін қанаған. Қазір еңбегін қанау мақсатымен адамды бас бостандығынан заңсыз айыру фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Зардап шегуші туыстарына қайтарылды», - деді Қанат Нұрмағамбетов.