Бұл әрекеттері үшін әйелдердің әрқайсысы бір жылға бас бостандығынан шектеліп, 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілді.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде мас әйелдер полицейге жұдырық ала жүгірген. Тіпті ашулы келіншектердің бірі тәртіп сақшысының мұрнын бұзып тастаған екен, деп жазады NUR.KZ.
Сот материалдарына қарағанда оқиға маусым айында орын алған. Сол уақытта екі мас әйел №5 қалалық емхана маңында такси тоқтатпақ болыпты. Олардың бірі құлап кетпес үшін металл қоршауды ұстап тұрған екен.
Сол мезетте кішкентай балақаймен тұрған келіншектердің әрекетін тәртіп сақшылары байқап қалады. Осылайша, полицейлер ішімдікке сылқия тойған әйелдердің аты-жөнін сұрамақ болған.
Алайда жеке куәліктерін көрсетпеген келіншектер полицейлерді балағаттап тастапты. Артынша олар Елек полиция бөлімшесіне жетектеген қызметкерлерді көлікте ұрып, теуіп тастаған екен.
Әйелдердің бірі полиция қызметкерінің иығын тістеп алса, екіншісі бөлімшеге барған кезде ашуға булығыпты. Ол тәртіп сақшысын ұрып қана қоймай, мұрнын бұзып тастаған көрінеді.
Бұл әрекеттері үшін әйелдердің әрқайсысы бір жылға бас бостандығынан шектеліп, 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілді. Сот үкімімен енді оларға көңіл көтеру орындарына баруға, тұрғылықты жұмысы мен мекен-жайын ауыстыруға тыйым салынған.