Екібастұз қаласында қорытпа болат шығаратын зауыт салынбақ

0
174

Rail Way Steel зауыты жылына 1 миллион тонна болат шығарады.


Екібастұз қаласында қорытпа болат шығаратын зауыт салынбақ

Фото: ortcom.kz

ERNUR.KZ. Бұл жобаны "Railways Systems KZ" ЖШС қолға алған. Зауыт құрылысына 208 млрд теңге инвестиция құйылмақ, деп жазады inbusiness.kz.

"Кәсіпорында 1000-нан астам жұмыс орны ашылады. Бұл жоба біздің өңір үшін жоғары шекті кластерлерді құруға бағытталған басымдықтардың бірі болмақ. Жоғары технологиялық кәсіпорын Екібастұздың әлеуметтік-экономикалық дамуын күшейтеді. Зауыттың әу бастан жоғары экологиялық және әлеуметтік стандарттарды ескере отырып жобалануы маңызды болып отыр",- деп хабарлады Павлодар облысының әкімдігінен.

Жоспар бойынша, Rail Way Steel зауыты жылына 1 миллион тонна болат шығарады. Өнімінің 40%-ын ТМД және ЕО елдеріне экспорттайды. Өндіріс қуаты тек теміржол саласына ғана емес, сонымен қатар құрылыс, машина жасау және энергетика саласын да металл өнімімен қамтамасыз етуге жетеді.

RWS бас директоры Роман Павлингердің айтуынша, компания сапалы болат өнімдеріне сұраныстың артып келе жатқанын байқап отыр. Бұл жаңа зауыт Қазақстанның металлургия саласының бәсекеге қабілетін күшейтеді. Сонымен қатар заманауи технологиялардың арқасында өндіріс тиімділігі артып, энергия тұтыну деңгейі айтарлықтай төмендейді.