Екібастұздағы апат: Арнайы комиссия 244 тұрғын үйдің зақымданғанын анықтады

0
516

Жоспарланғандай, магистральдық желілердегі авариялық-қалпына келтіру жұмыстары 15 желтоқсанға дейін толық аяқталды.


Екібастұздағы апат: Арнайы комиссия 244 тұрғын үйдің зақымданғанын анықтады

ERNUR.KZ. Екібастұздың жылыту жүйесі негізінен теңдестірілген, жылу тасымалдағыштың параметрлері қалыпты. Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Аян Бейсекиннің айтуынша, қолайлы емес температураға қатысты шағымдар әлі де түсіп жатыр, дегенмен, жылусыз қалған көпқабатты үйлердің 90%-ы жылынып үлгерді.

Жоспарланғандай, магистральдық желілердегі авариялық-қалпына келтіру жұмыстары 15 желтоқсанға дейін толық аяқталды.

Ағымдағы ішкі жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Бұл жұмыстарға 126 адам тартылды.

Қала тұрғындарына келтірілген залалды өтеу жұмыстары жалғасуда.

«Екібастұздықтардан барлығы 905 өтініш қабылданды. Комиссиялық тексеру нәтижелері бойынша 244 тұрғын үйде әртүрлі дәрежедегі зақымданулар анықталды. 53 пәтерге ауқымды жөндеу қажет болса, оның 38-де жұмыстар аяқталуға жақын. Жөндеумен айналысатын он бригада барлық қажетті материалдық ресурстармен қамтамасыз етілген», - деді Аян Бейсекин.

«Павлодарэнерго» АҚ-ың бас директоры Вадим Лесин қаладағы ауа райы жағдайларын ескере отырып, орамішілік желілердегі аздаған су кетулерді жою және құбырларды кесу бойынша жұмыстар жалғасатынын хабарлады. Резервтік сорғылар да жөнделіп, іске қосылады.

Облыс әкімі жұмыстарды жүргізу кезінде үйлерді жылудан мейлінше азырақ ажырата отырып, жылу берудің тұрақты параметрлерін сақтаудың маңызды екенін атап өтті.

Асайын Байханов Екібастұз қаласының және жылумен жабдықтау ұйымының басшылығын ағымдағы сәтке тоқмейілсімей, барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, жұмыс істеп тұрған қалалық желілерді қайта құрудың перспективалық жоспарларын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы қазірдің өзінде ақаулы желіні ауыстыра отырып және өшіру секторын қысқартатын қосымша бекіту арматурасын орнату арқылы алдағы көктемгі және күзгі гидравликалық сынақтарды ойластыруға шақырды.

Өңір басшысы жоспарлар бойынша алғашқы есепті келесі аптада тыңдайтын болады.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейін жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.