Экология пәнін сабақ ретінде мектеп бағдарламасына енгізуге асықпаған жөн – Балаева

0
1 241

Мектептерде экология пәнін енгізу мәселесі бірнеше министрдің қатысуымен онлайн брифингте талқыланды.


Экология пәнін сабақ ретінде мектеп бағдарламасына енгізуге асықпаған жөн – Балаева

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева экологиялық білімге қатысты өткен онлайн брифинг барысында айтты, деп жазады baq.kz.

Балаева эко-білім мен мәдениетті ең алдымен мектептен бастау керек екенін жеткізді.

Осы ретте Білім және ғылым министрлігіндегі әріптестерімізге осыған дейін дөңгелек үстелге қатысқан мамандар тарапынан түскен бірқатар ұсынысты жеткізгім келеді. Біріншіден, экология пәнін толыққанды сабақ ретінде мектеп бағдарламасына бірден енгізуге асықпаған жөн. Себебі, бала санасы қоршаған орта туралы күрделі ғылымға дайын болуы шарт. Сондықтан да алдымен факультативтік үйірме санын көбейтіп, осы арқылы негіз дайындаған дұрыс, - деді ол.

Сондай-ақ, министр экологиялық білім беру жүйесін үздіксіз ету керегін айтты.

Яғни, орта, арнайы және жоғары білім деңгейі ретінде бірыңғай әрі сабақтас экологиялық ілім негіздерін қалыптастыру керек. Үшіншіден, ЖОО-лардағы экология пәні бойынша бағдарламаларды ретке келтіру керек. Қазір әр ЖОО-ның өз білімі өзінде. Ешқандай кешенді жалпыға ортақ бағдарлама жоқ. Мектептегі балаларымызды ертең экобілім беретін бүгінгі осы студенттер десек, бұл мәселенің маңыздылығы айтпаса да түсінікті, - деді министр.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдедегі Үкімет отырысында мектептерде экология пәнін енгізу қажеттігін айтқан болатын. Бүгін бірнеше министрдің қатысуымен осы мәселе онлайн брифингте талқыланып жатыр.