Экс-министр Назарбаев пен Путиннің аналары туралы кітап шығарды

0
2 677

​Әзірше кітап тек орыс тілінде ғана жарыққа шығып отыр.


Экс-министр Назарбаев пен Путиннің аналары туралы кітап шығарды

ERNUR.KZ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлы "Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары" атты кітабын таныстырды. Автордың еңбегі әзірше орыс тілінде жарыққа шығып отыр, деп жазады sputnik.kz.

Экс-министр жаңа кітабын президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде таныстырды. Сол жерде арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылған болатын.

"Біздің елімізде "жұмақтың кілті ананың аяғының астында" деген керемет сөз бар. Әрбіреуіміз өз алғысымызды, ерекше сезімімізді алдымен аналарымызға арнайымыз. Осы ойдың тұрғысынан "Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары" атты кітап ең алдымен біздің аналарымызға арналып отыр", - дейді Мұхамедиұлы.

Кітаптың кіріспесі Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы – Әлжан Назарбаевадан басталады. Одан кейін Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің анасы Мария Путина жайында жазылған.

Бұдан бөлек, экс-министрдің еңбегіне америкалық өнертапқыш Томас Эдисон, Сингапурдың премьер-министрі Ли Кун Ю, орыс ғалымы Дмитрий Менделеев, Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік, Франция президенті Шарль де Голь, боксшы Мұхаммед Әли, АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтон, футболшы Пеле, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейн сынды танымал тұлғалардың аналары туралы материалдар енген.

"Негізгі мақсат – өмірбаяны емес, аналардың өз ұлдарының үлкен дәрежеге жетуіне қосқан үлесін көрсету. Сондықтан бәрімізге өте пайдалы, бір жағынан, ыстық әрі жүрегімізге ерекше сезім беретін кітап болады деп ойлаймын", - деді Мұхамедиұлы.

Автордың айтуынша, әзірше кітап тек орыс тілінде ғана жарыққа шығып отыр. Бір аптаның ішінде қазақ тіліндегі нұсқасы шығады. Одан кейін ағылшын тілінде басылады.