​Елбасы тапсырмасы: Балабақша тәрбиешісіне қосымша ақы төленеді

0
5 345

Тәрбиешілердің айлықтары 30-50 пайызға артатын болады.


​Елбасы тапсырмасы: Балабақша тәрбиешісіне қосымша ақы төленеді

ERNUR.KZ. Балабақшада жаңартылған мазмұнмен жұмыс істейтін тәрбиешіге қосымша ақы төленеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездескен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, министрлік мектепке дейінгі білімнің сапасын көтеру бойынша жол картасын дайындаған. Онда бірнеше ұсыныс бар және қазіргі уақытта олар талқылану үстінде.

«Біріншіден – бірыңғай біліктілік, мұғалімдерге сияқты ұлттық тестілеуді енгізу. Биыл 60 мың мұғалім бізге келіп, ұлттық тестілеуден өтті. 36 мың мұғалім жоғары баға алып, жаңа біліктілікке ие болды. Сонымен айлықтары 30-50 пайызға дейін көтеріліп отыр. Енді соның бәрін тәрбиешілерге ұсынып отырмыз», - деді ол.

Нәтижесінде министрдің сөзіне қарағанда, бірыңғай біліктілігін арттырып, ұлттық тестілеуден өткен тәрбиешілердің айлықтары 30-50 пайызға артатын болады.

«Екіншіден, министрлік барлық тәрбиешілерді В3 блоктан В2 блокқа көтеру ұсыныстарын және есебін дайындап отыр. Келесі жылы оны мемлекеттік бюджеттік комиссияға шығаратын боламыз. Үшіншіден, мектептердегі сияқты жаңартылған мазмұнмен жұмыс істейтін педагогтарға қосымша ақы төлеу қарастырылады», - деді Ерлан Сағадиев.

Еске салсақ, Елбасы қазандағы Жолдауында балабақша тәрбиешілері туралы айтқан болатын.