Елбасы үш мыңға жуық заңға және жеті мыңдай жарлыққа қол қойды

0
1 152

Бүгінде, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының соңында, Қазақстан бүкіл әлемге қалыптасқан әрі жарқын болашаққа ұмтылған мемлекет ретінде танылды.


Елбасы үш мыңға жуық заңға және жеті мыңдай жарлыққа қол қойды

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Кеңсесінің Басшысы Махмұт Қасымбеков «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жасампаздық дәуірі» мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың концептуалды моделінің «алты алтын ережесін» ажыратып көрсетеді. Оның аясында Елбасының бүкіл маңызды жетістіктері, аса ауқым­ды жұмыс­тары және жаңа жаһандық әлем­дегі қуатты әрі бәсекеге қабілетті Қазақ­стан­ды құру жөнін­дегі зор күш-жігері айқын көрінеді. «Алты алтын ереженің» алғашқысы ретінде автор Қайта жаңғырған мемлекеттілікті атап өтеді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бүгінде, ХХІ ғасырдың екінші онжыл­ды­­ғының соңында, Қазақстан бүкіл әлемге қалып­тасқан әрі жарқын болашаққа ұмтылған мем­лекет ретінде танылды. Еліміздің өскелең ұр­пағы осы жағдайды тарихи оқиға және берік болмыс ретінде қабылдайды. Бұл - негі­зінен әділетті. Бірақ біз тәуелсіздігіміздің бас­тауында кім тұрғанын және қалыптасудың аса маңызды жылдары оның темірқазығы кім болғанын әрдайым есте сақтауымыз қажет. Кезінде алып «қызыл империяның» «жарық­шақтарының» бірі болған Қазақстан бірте-бірте мықты өңірлік державаға айналды», - дейді Махмұт Қасымбеков.

Оның айтуынша, еліміз Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көреген басшылығының арқасында өзінің даму жолын айқындап, қайталанбас ұлттық бірегейлікке қол жеткізу үшін күрделі кезеңді бастан кешіргенін ұмытпауымыз керек. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жаңа егеменді еліміздің негізін қалау және эко­номиканың тиімді нарықтық үлгісін қалып­тастыру барысында күрделі әрі жаппай етек алған көптеген проблемаларға тап болдық. Халқымыздың көпшілігі не істерін білмеді. Әлеуметтік сала тоқырап қалды. Ал халықаралық деңгейде бізді терра инкогнито деп қабылдады.

«Еліміздегі ауыр әлеуметтік-экономика­лық дағдарыс және қоғамдық сананы са­пы­рылыстырған өзгерістер жас мем­ле­ке­ті­міздің болашағына қатысты көптеген пес­симистік пікірлердің таралуына әкеп соқтырды. Бәріміз үшін сындарлы болған осы кезең­де тәуелсіз Қазақстанның бас архитек­торына әрі идеялық тұрғыдан дем берушісіне айнал­ған Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың зор саяси таланты мен тұлғалық қасиеті тарих сахнасында айқын көрінді», - делінген мақалада.

Автордың пікірінше, аз ғана уақыттың ішінде Елбасы ежелгі Ұлы даланың қуатты державаларының тари­хи-мәдени мұрагері саналатын жаңа мем­лекеттің базалық негіздерінің бәрін ай­қын­дап, біртіндеп нақты іске асырды. Ең алдымен, Тұңғыш Президентіміздің күш-жігері еліміздің ұйымдастырушылық-құқық­тық негіздерін, институционалдық құры­лысты, қауіпсіздік пен халықаралық қатынас­тар­ды нығайтуға, қаржылық-эко­но­микалық еге­мендігімізді қамтамасыз ету­ге және ұлт­тық бірлік пен келісімге не­гіз­делген идеологияны қалыптастыруға жұмылдырылды.

«1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік еге­мендік туралы декларацияның қабылдануы бұл бағыттағы алғашқы қадам болды. Бірақ осы құжаттың зор тарихи маңыздылығына қарамастан, тәуелсіз Қазақстанның нақты тарихы 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылдаған сәттен басталады. Аталған заң мемлекет дамуының алғашқы кезеңін Конституция деңгейінде ресімдеп, еліміздің халықаралық құқықтық нормаларды құрметтейтінін көрсетіп, сыртқы саясаттағы дербестігін бекітті. Осы негіз қалаушы заңнамалық актінің арқасында ұлттық қауіпсіздік жүйесін құрып, өзіндік қаржы, салық және кедендік саясатымызды қалыптастырдық. Сонымен қатар бұл елімізді қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді жаңғырту үшін сенімді база әрі үйлесімді құқықтық мемлекет құру үшін мықты негіз болды. Жас республикамыздың егемендігін заңды түрде ресімдеп, институционалдық тұрғыдан нығайту үдерісінің мәні зор еді. Әсіресе өзіміздің ұлттық рәміздерімізді анық­тап, оны азаматтарымызға және бүкіл әлемге таныстыру аса қажет болды», - дейді М.Қасымбеков.

Бұл қадамның бүкіл идеологиялық маңызын түсінген Тұңғыш Президент Қазақстанның ресми Туын, Елтаңбасын, Ән­ұранын әзірлеуге тікелей өзі атсалыс­ты. Күрделі шығармашылық үдеріс 1992 жыл­ғы 4 маусымда аяқталды. Осы күн жаңа Мем­лекеттік рәміздер күні ретінде белгіленді. Шамамен 15 жылдан кейін еліміздің Әнұранының жаңа нұсқасы мақұлдан­ды. Әнұран мәтіні авторларының бірі - Нұрсұлтан Назарбаев.

«Егемендіктің маңызды визуалды-рәміздік атрибутының бірі саналатын ұлттық валюта 1993 жылы қарашада енгізілді. Қазақстан тең­гесі еліміздің экономикалық дербестігін айтар­лықтай күшейтті және қаржы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етті. Сондай-ақ тәуелсіз мемлекеттің не­гізгі атрибуты - халықаралық деңгейде мойын­далған аумағымыз. Көптеген дала импе­рия­ларының тарихында шекара түсінігі көбі­несе шартты ұғым болатын және ресми құжат­тарда сирек белгіленетін. Ал дамыған жаһан­дық институттар мен қазіргі заманғы халық­аралық құқық жағдайында «әлемдегі тоғы­зыншы аумақтың» мемлекеттік шека­расы­ның заңды түрде ресімделуі жас республика үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды болды, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің мәні зор басымдығына айналды», деп жазады М.Қасымбеков.

Еліміздің құрлықтағы мемлекеттік шекара­сының ұзындығы - 13 400 шақырым. Құр­лық­тағы шекараны делимитациялау үдерісі қысқа мерзім ішінде, 1992-2005 жыл­дар аралығында жүзеге асырылды. Каспий теңізі арқылы өтетін шекарамыз 2018 жылы Ақтау қаласында шекара маңы ел­дері­нің тиісті құқықтық Конвенцияға қол қоюымен түбегейлі орнатылып, бекітілді. Енді мемлекеттік шекарамыздың бүкіл пери­метрі бойынша көршілес елдермен арамызда даулы және шешілмеген мәселе жоқ. Шекараның тұтастығы көпжақты және екі­жақты келісімдер жүйесі арқылы қамтамасыз етіліп, кепілдік беріледі.

«Қазақстан өз тарихында алғаш рет заң­ды түрде ресімделген және халықаралық дең­гейде мойындалған мемлекеттік шекараға ие болды. Жаһандық геостратегиялық бел­гісіздік және түрлі елдер арасындағы шекара мәселесіне қатысты қақтығыстардың өршуі жағдайын ескерсек, бұл - Елбасының негізгі жетістіктерінің бірі. Елбасы дәйекті сыртқы саяси қызметпен қатар, мемлекеттік шекараны қорғау ісін күшейтіп, еліміздің аумақтық тұтастығын сақтау мәселесіне әрдайым айрықша көңіл бөлді. Осы стратегиялық міндетті қамтамасыз ету үшін 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығымен респуб­ликамыздың егемендігінің сенімді кепілі саналатын өз Қарулы Күштеріміз құрылды», - дейді автор.

Махмұт Қасымбековтің пікірінше, жас мемлекеттің іргетасы енді қала­нып жатқан алғашқы жылдары Нұрсұлтан Назар­баев қысқа мерзімде өте маңызды жүз­деген заң жобаларын әзірлеп, бекітті.

Бұл қоғамның барлық саласында ауқымды рефор­маларды уақтылы жүзеге асыруға мүм­кін­дік берді. Жалпы, тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президентіміз үш мыңға жуық заңға және жеті мыңдай жарлыққа қол қойды.

«1995 жылғы 30 тамызда өткен республи­ка­лық референдумда Ата Заңның жаңа нұс­қасының қабылдануы мемлекетті құру­­дың бастапқы кезеңіндегі ерекше ма­ңыз­­ды оқиға болды. Бұл құжат елімізді жан-жақты жаңғырту үшін берік негіз қалады. Жаңа Конституцияда «Қазақстан Рес­пуб­ликасы өзін демократиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуметтік мемлекет ретін­де ор­нықтырады, оның ең қымбат құн­ды­лықтары - адам және адамның өмі­рі, құқық­тары мен бостандықтары» деп жа­зыл­ған. Сондай-ақ «Қоғамдық татулық пен сая­си тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм» Конституцияда бекітілген Қазақ­стан Республикасы қызметінің түбе­гейлі принциптері ретінде танылды. Тұрмыс салтының түбегейлі өзгеруінің кез келген көріністері жұртшылықтың заңды қарсылығын туғызары анық. Бұл көбінесе наразылықтың ең радикалды түріне айналуы мүмкін. Саяси оппоненттердің бітіспес қақтығыстарын, радикалдардың қырғи-қабақ тартысын, тіпті кей жерлерде бір-бірін өлтіруге дейін баратын мағынасыз әрі нәтижесіз азамат соғысын бастан өткерген посткеңестік елдердің көбінде осылай болды», - дейді ол.

«Бақытымызға қарай, ескі кеңестік тота­литарлық жүйенің қалдығы және плюралистік қоғам мен нарықтық экономикаға көшу ісі трагедиялық катаклизмге ұрындырған жоқ. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саяси кемелдігі мен мемлекет ісіндегі даналығы кейбір көршілес елдердегідей келеңсіз жағ­дайларды болдырмай, үйлесімді әрі жалпы­ұлттық келісім мен бірліктің нақты үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік берді», - деп атап өткен мақала авторы.

Оның ойынша, кез келген қоғам жақсы мотивация мен пәрменді жұмылдырушы бас­тамаға зәру. Осыған орай Елбасы мәдениет пен дәстүрді жаңғырту және қазақ тілін жан-жақты дамыту мәсе­лесін мемлекеттік саясаттың негізгі ба­сымдықтарының біріне айналдырды. Осы жылдары ұмытылған көптеген тарихи тұл­ғалар ақталып, қасіретті оқиғалардың әділ бағасы берілді. Еліміздің барлық өңірінде жүздеген еске алу шаралары мен салтанатты мерейтойлар өткізілді. Мұның бәрі халықтың патриоттық рухын біртіндеп күшейтті және қоғамдағы ұлттық дүниетанымның ны­ғаюына септігін тигізді.

«Дегенмен, рухты көтеретін бастама­лар­­дың ішіндегі айрықша жоба - Астана қаласы. 1990-жылдардың ортасында ауыр әлеумет­тік-экономикалық дағдарыс пен үлкен саяси өзгеріс кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев елорданы Алматыдан Ақмолаға - мемлекеттің географиялық орталығына көшіру идеясын ұсынды. Оның ақылға қонымдылығы мен символдық мәнін, әсіресе еліміздің дамуына жол ашатын перспективасын сол кезде санаулы-ақ адам пайымдай білді. Елбасының саяси ерік-жігері мен көрегендігінің арқасында Қазақстан кез келген мемлекеттің шамасы жете бермейтін осынау зор жобаны табысты жүзеге асырды. Аз ғана уақыттың ішінде Астана еліміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл өңірдің шын мәніндегі саяси, экономикалық, мәдениет және білім орталығына айналды. Жаңа елорда Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасқан қолайлы географиялық артықшылықты тиім­ді пайдалануға мүмкіндік берді. Ұлттық эко­номиканың негізгі қозғаушы күші болды. Сондай-ақ жұртшылықты жұмылдыратын қуатты орталыққа айналып, көптеген ауқым­­­ды бағдарламалар мен маңызды бас­та­ма­лар­ды байланыстыратын дәнекер қызметін атқаруда. Бұл мақаланың форматы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихи оқиғалардың бәрін толық қамтуға мүмкіндік бермейді. Деген­мен, ең бастысы: Нұрсұлтан Назарбаев бас­­таған Қазақстан халқы қысқа мерзімде жаң­­­­ғыр­ған мемлекеттің берік іргетасын қалады. Әлем картасында жаңа тәуелсіз ел - Қазақ­­стан Республикасы пайда болды! Қол жет­кізген жетістіктеріміздің бәрі қуатты мем­­лекеттіліктің, жұдырықтай жұмылған жұр­ты­мыздың және мықты көшбасшының арқасында жүзеге асты», - дейді М.Қасымбеков.