Елімізде 117 еңбек мигрантынан туберкулез белгілері анықталды

0
1 412

Соңғы 4 жылда елде 44 мың шетелдік мигрант медициналық тексерістен өткен


Елімізде 117 еңбек мигрантынан туберкулез белгілері анықталды

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері елімізде 360 мыңнан астам еңбек мигранты тіркелген, деп жазады 24.kz.

Оның 10 мыңға жуығы көші-қон туралы заңды бұзғаны үшін ел аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылса, 2 жарым мың жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Еліміздің көші-қон туралы заңына сәйкес, әр қазақстандық азамат сырттан ең көп дегенде 5 еңбек мигрантын жұмысқа жұмылдыруға құқылы екені мәлім.

«Алайда олардың қызмет мерзімін асырып алу жағдайлары көбеймесе, азаймай отыр», – дейді құзырлы комитет өкілдері.

Осыған байланысты сала мамандары екі қолға бір күрек іздеп келген мигранттарды заң аясында маусымдық жұмыстарға қабылдап, олардың денсаулық жағдайына да мән беруге шақырады.

Манарбек Тұрлыбекұлы, ҚР ІІМ Көші-қон комитетінің аға инспекторы: - Біріншіден, келгенде 5 күн ішінде уақытша тіркеуге қоясыз. Содан кейін дәрігерлік медициналық тексеріс өткізеді. Сосын салық төлейсіздер. Әр айға 2 айлық есептік көрсеткіштен. 1-3 айға дейін мерзімге алуға болады. Сосын көші-қон полициясына барасыз, сол жерден дактилоскопия іздерін алады. Содан кейін көші-қон полициясымен рұқсат беріледі.

Соңғы 4 жылда елде 44 мың шетелдік мигрант медициналық тексерістен өткен. Туберкулез белгілерін анықтау бойынша скринингтер де жүргізілді. Диагностика нәтижесінде 1607 азаматтың құрт ауруына шалдыққаны белгілі болды. Оның 1206-сы ішкі және 401-і сыртқы еңбек мигранттары. Дерт анықталғалы бір жыл ішінде емделмесе, жұқпалы ауру осынша уақыт аралығында 10-15 адамға тарауы мүмкін. Аталған мәселе елордада «Орталық Азия елдерінде туберкулезді трансшекаралық бақылау және емдеу» атты 4-аймақтық кездесуде талқыланбақ.

1994 жылдан бері қолға алынған «Проджект Хоуп» жобасы шеңберінде 50-ге жуық емханамен кәсіби әріптестік орнады. Жыл басынан туберкулезге қарсы күрес жаһандық қоры осы мақсаттарға шамамен 50 млн теңге бөлген.

Бахтияр Бабамурадов, Project HOPE жобасының Қазақстандағы өкілі: - Жоғары деңгейдегі 4-кездесу – бірінші кезекте туберкулез ауруының Орталық Азия өңірінде таралуына қарсы бағытталған бірден-бір шара. Жыл басынан бақылауға алынған 42 мың мигранттың 15 мыңы скринингтік тексерістен өтіп, жұқпалы дерт 117 адамнан анықталды. Науқастардың шамамен 77 проценті Қазақстанда емделсе, сыртқы мигранттардың 9 проценті емді өз елдерінде қабылдап жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жалпы туберкулез дерті әлемде өлімге себепші 10 негізгі фактордың қатарына жатады. Өткен жылы аталған ауруға 10 млн адам шалдыққан. Оның ішінде 1 млн 600 мыңы көз жұмды. Сырқаттанған 1 млн баланың 230 мыңы шетінеп кетті. Алайда жалпы жаһан бойынша туберкулез дертіне шалдығу көрсеткіші жылына шамамен 2%-ке төмендеумен келеді. 2020 жылы осы көрсеткішті жылына 4-5%-ке жеткізу көзделіп отыр. Ал ЖИТС жұқтырған адамдардың құрт ауруынан өліп кету қаупі жоғары. 2000-2017 жылдар аралығында дертті уақтылы анықтап, тиісті ем шараларды жүргізу арқылы 54 млн адам өлім аузынан аман қалған.