Елімізде 15 мыңнан астам адам баспана кезегіне жете алмай қайтыс болған

0
564

29 мың адамның мекенжай тіркеуі жоқ болса, кезектегі 15,6 мың адам қайтыс болған.


Елімізде 15 мыңнан астам адам баспана кезегіне жете алмай қайтыс болған

ERNUR.KZ. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баспана кезегіндегі 646 мыңның 232 мыңы неге кезектен шығарылатынын түсіндірді, деп жазады inform.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында заңнамаға тұрғын үй саясатын реформалау бағытында енгізілетін өзгерістерді таныстырған министрден депутат Мархабат Жайымбетов 232 мың адамның неліктен баспана кезегінен шығарылатынын сұрады.

«Баспана кезегінде тұрған 646 мың адамның 232 мыңы кезектен шығарылады. Оның көбі – 90 мың адам бұған дейін пәтер иесі болған. Олар заң бойынша баспанадан үмітті бола алмайды. Тіпті бес жылдық мерзім аясында да оларға баспана беруге хақымыз жоқ», - деді Қанат Шарлапаев.

Оның сөзінше, қазіргі заңнамада баспана кезегінде заңды тұрғанын түгендеу жылына бір рет қана жүргізіледі.

Жаңа заң бойынша бұл шара әр үш ай сайын жасалмақ.

«Ал баспана кезегіне тіркелген өңірі тұрғылықты мекенімен сәйкеспейтін адамдардың мәселесін егжей-тегжейлі тексеру қажет, әрине. Біз кезекті «Отбасы банкке» береміз. Өйткені «Отбасы банк» 17 деректер базасымен интеграцияланған. Сол базалар арқылы кезекке қоюдың заңдылығын растап, тексеруге мүмкіндік бар. Бұл біздің ауқымды тексерулерімізді айтарлықтай жеңілдетеді. Әр адамды кезектен шығару мәселесі жеке тәртіппен қаралатынын айтқым келеді», - деді министр.

Сондай-ақ, ол 1 тамыздан бері 21 607 адам баспана кезегінен шығарылғанын айтты.

Министрдің депуттар алдында оқыған баяндамасына сүйенсек, кезекте тұрған 646 мың адамның 96,1 мыңында кейінгі 5 жылда баспана болған.

533 адамда Қазақстан азаматтығы жоқ. 91,4 мыңының мекенжай тіркеуі кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейді.

29 мың адамның мекенжай тіркеуі жоқ болса, кезектегі 15,6 мың адам қайтыс болған.