Елімізде алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өтеді

0
1 630

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.


Елімізде алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өтеді

ERNUR.KZ. Ауыл мектептері оқушыларының республикалық олимпиадасы биыл қараша және 2024 жылдың қаңтар айлары аралығында алғаш рет өткізіледі. Аталмыш бастама қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған, деп жазады zakon.kz.

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді. "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсыновтың айтуынша, олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатыса алады. Мұндағы мақсат – еліміздің шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтап, дамыту, халықаралық олимпиадаларға қатысуға ынталандыру.

"Республикалық олимпиадаларда академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін тапсырмалар әр қатысушыға жеке электронды түрде жіберіледі. Олимпиаданың барлық кезеңінде оқушылардың аты-жөні көрінбейді. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмысы мен дұрыс жауаптар орталықтың сайтында жарияланады", - дейді "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры.

Жоғарыда аталған қағидалардың барлығы ең беделді әлемдік IMO, IPhO, IChO, IBO, IGeO, IOI және IOL олимпиадалардың ережелеріне сүйеніп жасақталған. Бұл олимпиадаларда жеңімпаз болған қазақстандықтарға мемлекет тарапынан 500-ден 1500 АЕК-ке дейін қаржылық қолдау көрсетіледі. Биылғы жылы 23 оқушы жүлделі орындарға ие болды.

"Қазақстанның оқушыларының осындай жоғары жетістіктерін ескере отырып, халықаралық ұйымдастыру комитеті биологиядан ең беделді әлемдік олимпиаданы 2024 жылы Астанада өткізу туралы шешім қабылдады. Оған 80 елден 330-ға жуық үздік жас биолог қатысады деп күтілуде", - дейді Ғаждембек Тұрсынов.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, мұндай ауқымды шараның өткізілуі – еліміздің бүкіл оқу-ағарту саласының жетістігі мен жоғары мәртебе.

Айта кетері, елімізде жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушылары арасында олимпиадалар ұйымдастырылады. Оларға 300 мыңға жуық мектеп оқушысы қатысып жатыр.